«Almaty Towers» ғимаратында болған өрт кезінде 1 адам мерт болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Almaty Towers» бизнес орталығы ғимаратында болған өрт кезінде темір ұстасы мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетоваға сілтеме жасап.

«Бүгін сағат 18-04-тер шамасында Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің «101» белгісіне Бостандық ауданындағы Байзақов көшесінің 280-ші үйінде өрт шыққандығы жөнінде хабар келіп түсті. Қызметкерлер мен техника қажетті жерге жіберілді. Алғашқы өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 18-11-де жетті. Өрт сөндірушілер келген кезде 6 қабатты «Almaty Towers» бизнес орталығының ғимаратының шатыры жанып жатты.

Бұл уақытта өрттің қосарланған ғимараттың өзге де жақтарына өршу қауіпі туындаған еді. Өрт тұтанғанға дейін онда темір ұстасы тиісті жұмыстар жүргізген. Төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері оқиға орнына жеткенше, 1962 жылы туған азамат ауа жетпей, иіс газынан уланып мерт болды. Өртті сөндіру кезінде 80 адам эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері қолға алған шаралардың арқасында өрт сағат 20-30-да ауыздықталып, 20-36-да сөндірілді. Жалын шарпыған аймақ 1800 шаршы метрді құрады. Өртті сөндіруге 150 жеке құрам мүшесі мен 34 техника қатысты. Сонымен қатар тілсіз жаумен күресуге Ұлттық ұланның 50 жауынгері, Алматы қалалық ІІД-нің 65 қызметкері, қосымша 30 техника жұмылдырылды. Зертхана мамандары осы уақытта өрттің неден тұтануы мүмкіндігін зерделеуде»,-делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар