Алматы полициясы сексуалдық құлдықтан қашып шыққан қызға қатысты түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ: ҚазАқпарат - Алматы полициясы сексуалдық құлдықтан қашып шыққан қызға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 6-мамырда кешкі 18:00-дер шамасында 29 жастағы әйел Сүйінбай көшесінде ағылған көліктердің бірінің астына түсіп қалған.

«Әйел өзін біреулер заңсыз қамап, сексуалдық қызмет көрсетуге мәжбүрлегенін айтқан. Оның арызы қалалық ІІД қызметкерлерімен ҚР ҚК 308 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркелді. Күдікті тұлғалар бөлімшеге жеткізілді. Полиция қызметкерлері аталған дерекке қатысты тексеру жұмыстарына кірісті. Бұл азаматша 2009 жылдан бері қалалық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында есепте тұр. Мұның алдында да бұл азаматша жыныстық қызмет көрсеткені үшін бірнеше рет бөлімшеге жеткізілген болатын», - деді қалалық полицияның баспасөз қызметі.

Айта кету керек, аталған оқиғаның видеосы Фейсбук желісін біраз дүрліктірген болатын.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, әйел адам көліктің астына түскен соң жарақатына қарамастан базарға қашып кірген. Әйелдің артынан бірнеше адам қуып келген. Қорыққан әйел базар сатушылары мен сатып алушыларынан жалынып көмек сұрай бастайды.

Сол сәтте жиналған қалың көпшілік әйелді қуғыншылардан қорғап қалған.

Аталған видео Фейсбук желісі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік полициядан аталған қылмысқа кінәсі барларды жазаға тартуды талап етуде.

Соңғы жаңалықтар