Алматы полициясы қаза болған қызметкерін ақтық сапарға шығарып салды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда полицейлер қаза болған әріптестері Жандос Нұрғазиевті ақтық сапарға шығарып салды. Жерлеу Алматы облысы Іле ауданы Жаңа дәуір ауылында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл барлығымыздың қабырғамызды қайыстырар қайғы болып отыр. Жандосты жер қойнына тапсырып жатырмыз. Оның өмірінде алдына қойған мақсаты көп еді. Биыл ғана қарт ата-анасын Алматыға алып келген болатын», - деді Салтанат Әзірбек.

Оның айтуынша, марқұмның артында жары, екі қызы қалды. Қыркүйекте отбасында тағы бір сәби дүниеге келетін еді.

Қайғылы шараға қалалық ІІД басшысы Серік Күдебаевтан бастап барлық ІІД қызметкерлері келді. 

Әріптестерінің айтуынша, қаза болған жігіт өнерге жақын болған.

«2001 жылы «Қазақстан - менің Отаным» байқауының, 2015 жылы ҚР ІІМ ұйымдастырған «Мәңгілік ел боламыз» байқауының  лауреаты атанды. Капитан Нұрғазиев бірнеше жыл бойы полицияның имиджін көтеру мақсатында ақпараттық насихат тобын басқарып, бүкіл елді аралап шыққан. Жандостың таланты ОҚО, СҚО, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай облыстарындағы ІІО әріптестерін тәнті етті. Оның қазасы барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды...», - деді ІІД кадрлық жұмыс басқармасының басшысы Ораз Жолдасов.

Айта кету керек, қайғылы оқиға 26 маусымда болды. Алматыдан шығаберісте полиция қызметкері қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапты. Полицейді Алматы-Қапшағай жолының үшінші шақырымында «Нұра» экопостының жанында қағып кетті. Ер адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Полиция капитаны 1986 жылы туған Жандос Нұрғазиев Алматы ІІД жедел әрекет ету жасағында, ішкі істер органында 2009 жылдан бастап аға инспектор болып қызмет етті. 

Соңғы жаңалықтар