Алматы Орталық Азиядағы тау-шаңғы курортының орталығы болады - Арман Қырықбаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Тау спортының Алматыдағы туризмді дамытуға ықпалы» деген тақырыпты талқылауға арналған үш күндік халықаралық «Іnternational Mountain Sports Festival» фестивалі Шымбұлақ тау-шаңғы курортында өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестивальді ресми ашып берген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев тау спорты туризмді дамытудың басты бағыттарының бірі екенін айтты.

«Тау спорты - Алматы үшін маңызды мәселенің бірі. Бүгінгі форумның мақсаты тәжірибе алмасу. Біздің қонақтарымыздың арасында әлемдік компаниялардың топ-менеджерлері шақыртылып отыр. Олар тау курорты мәселесін жетік білетіндер. Алматы Қазақстан ғана емес, Орталық Азия бойынша тау-шаңғы курортының орталығы болуды мақсат тұтып отыр. Алматы - Қазақстанның экономикалық локомотиві. Алматыда 600-ге жуық туристік компания бар. Жыл басынан бері 200 мың адам Алматыға қонаққа келген. Бүгінгі форумда қонақтар өз тәжірибесін, әлемнің алдыңғы қатарлы тәжірибесімен бөліседі деп ойлаймыз», - деді Арман Қырықбаев.

Айта кетейік, 28-30 шілде аралығында «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында «Іnternational Mountain Sports Festival» халықаралық тау спорты фестивалі өтеді. Фестиваль бүгін форуммен басталып, ертең жалпы халыққа арналған мерекелік шараларға ұласпақ. Форумның үшінші күні альпинияда өткізіледі. Бұған дейін арнайы баспасөз мәслихатында шараның маңыздылығы туралы сөз қозғаған Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев биыл бұл фестивальдің аясын кеңейтіп, былтырғымен салыстырғанда мазмұндық жағына көп мән беріліп отырғанын айтқан болатын.

«Осы фестивальдің аясын кеңейтіп отырмыз. Былтыр бір күн ғана болса, биыл туризм саласындағы сарапшыларды шақыртып, жан-жақты талқылауды ойластырдық. Мақсатымыз - Медеу, Шымбұлақ шатқалының толық мүмкіндігін таныту», - деген болатын ол.

Бұл шараға Олимпиада чемпиондары, танымал спортшылар шақыртылған. Жексенбі күні альпинияда таңғы сағат 5-тен басталады. Оған балалар мен ересектерді 4000 метрлік шыңға апарады.

Соңғы жаңалықтар