Алматы облысының үздік екі отбасына бір млн теңгеден сыйақы берілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының Алматы облысы бойынша жеңімпаздары анықталды. Көжекбаевтар мен Жарасовтар әулеті жеңімпаз атанып, отбасының әрқайсысы 1 млн теңгенің сертификатын, I дәрежелі диплом иеленді. 105 жастағы қария Күрішбек Көжекбаев пен Мақсымжан Жарасовқа марапаттарын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл ауданынан келген Жарасовтар отбасы - «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға ауқымды үлес қосқан әулет. Отағасы Мақсымжан Жарасов миллионнан астам ағаш отырғызған. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін иеленіп, «Экология саласының үздігі» төсбелгісін алған. 8 баланы аяқтандырып, одан 40 немере, 21 шөбере сүйді.

Ұйғыр ауданының тұрғындары,  Көжекбаевтар отбасының да үлгісі ерен. Күрішбек Көжекбаев - Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін де елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Бірнеше мемлекеттік наградаларға ие болған, соның ішінде «Құрмет» ордені де бар. Қазіргі кезде 105 жастағы ардагер 4 баладан 25 немере, 30 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр.

1 

Енді Жарасов пен  Көжекбаевтардың  әулеті елордада өтетін республикалық байқауда бақ сынап, облыстың намысын қорғайтын болады.

"Бүгін өз мәресіне жетіп отырған «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі құтты болсын! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған байқаудың мақсаты - отбасылық құндылықтарды насихаттау, тату-тәтті, тәрбиелі шаңырақ мүшелерін көпшілікке таныстыру. Ел ішінде ауылдастарының құрметіне бөленген, ардақты, берекелі әулеттер, өнегесі мол отбасылар баршылық. Сондықтан жыл өткен сайын «Мерейлі отбасы» байқауының мәні артып, қатысушылар қатары ұлғайып келеді. Біз мерейлі отбасыларды үлгі-өнеге ету арқылы өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелейміз. Бүгінгі байқау жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын!", - деді Ж. Омар

2 

Екінші орынды Ұйғыр ауданының тұрғындары Хамраевтар отбасы мен талдықорғандық Мырзатаевтар және Ескелді ауданынан Тайжановтар иеленіп, 300 мың теңгенің сертификатын алды. Үшінші орынға лайық деп танылған алакөлдік Қожабековтер отбасы, Еңбекшіқазақ ауданынан Қартбаевтар және Қарасай ауданынан келген Жанғұттылар отбасына III дәрежелі диплом мен 250 мың теңгенің сертификаты берілді. Олар облыстың сауда, шығармашылық, ауыл шаруашылығы, әскери қызмет салаларында еңбек етіп жүрген өнегелі отбасылар.

Байқауға қатысқан басқа 30 отбасыға облыс әкімінің алғыс хаттары мен ақшалай сыйлықтары берілді.

Қатысушылар мен жеңімпаздар атынан сөз сөйлеген  Күрішбек ата Елбасының салиқалы саясатын жүргізуге әркім де атсалысу керектігін, ең алдымен жас ұрпақ анасын, үлкендерді сыйлап, еңбекті сүйіп, береке-бірлікте өмір сүру керектігін атап өтіп, батасын берді.

Жалпы, байқаудың алғашқы кезеңінде Алматы облысы бойынша 290 отбасы қатысса, солардың 38-і қазылар алқасының жоғары бағасын алып, облыстық байқауға жолдама алды. Жыл отбасы атағына көп балалы отбасылар, еңбек әулеттері, шығармашылық отбасылар, дәрігерлер, мұғалімдер және басқа да үлгілі шаңырақтар үміткер болды.

Соңғы жаңалықтар