Алматы облысының кәсіпкері балаларды тегін тамақтандыруда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Көксу ауданында тұратын кәсіпкер келіншек 2012 жылдан бері балаларды тегін тамақтандырып келеді. Аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Саида Саитова 35 баланы өз қамқорлығына алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкер қайырымдылық жұмыстарын ауданда тұратын аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға бағыттап отыр. Жалпы ол бизнеспен 2000 жылдан бастап айналысып келеді.

Саида Махмұтқызы кәсіпті сұлулық салонын ашудан бастаған. Заңгерлік білімі бар. Кейін азық-түлік дүкендерін ашқан. Ал біраз уақыттан бері жалпы білім беретін мектепте асхананың шаруасын дөңгелетіп отыр. Бүгінде кәсіпкердің қоластында 10 адам жұмыс істейді. Осыншама мерзім ішінде іскер әйел әлеуметтік жауапкершілігі туралы ұмыт қалдырған емес.

Саида Саитованың өзі де көп балалы отбасыдан шыққан. Сондықтан қайырымдылық және жауапкершілік, жанашырлық сияқты құндылықтар оған бала кезден таныс. Іскер азаматша қайырымдылықтан бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып тұрады. Ол Көксу ауданындағы ұйғыр халқының этномәдени орталығын, ата-аналар комитетін басқарып келеді.

null 

Соңғы жаңалықтар