Алматы облысының екі тұрғыны заңсыз аң аулады деген күдікпен ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының екі тұрғыны заңсыз аң аулады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыркүйектің 18-нен 19-на қараған түні полицейлер Алакөл ауданының таулы аймағында УАЗ автокөлігімен жүрген екі тұрғынды ұстады. Көліктің ішінде жас тянь-шань қоңыр аюының терісі, қару және жабайы аңдарды аулауға арналған заттар табылған. Алайда күдіктілер аң аулауға рұқсат қағаздар мен қаруға тиесілі құжаттарды көрсете алмады.

«Қазір аталған заттардың барлығы тәркіленіп, арнайы сараптамаға жіберілді», деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Көбейхан Нұрахмет.

Аталған фактіге орай ҚР ҚК 337 бабы, 4-ші бөлігі және 287 бабы, 3-ші бөлігі бойынша іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жалғасуда.

Айта кету керек, қазіргі таңда облыста «Браконьер» алдын-алу шарасы өтіп жатыр. Оның аясында 83 заңбұзушылық тіркелді. Шара 24-ші қыркүйекке дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар