Алматы облысындағы тау жыныстарының көшкіні зерттеліп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында көшкін орнында География институты ғылыми қызметкерлері зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«2018 жылғы 19 сәуірде Кеген ауданы аумағында тау жыныстарының көшкіні анықталды. 23 сәуірдегі жағдай бойынша көшкін Көлсай өзеніне қарай жылжып келеді. Оның қозғалысы сағатына 0,4 метрге дейін төмендеді», - делінген комитет мәліметінде. 

Айта кетейік, 21 сәуірде көшкін массасы екі учаскеге бөлініп, оңтүстік учаске Көлсай өзенінің арнасына жетті. Ал солтүстік бөлігі де өзенге қарай жылжып келеді және өзенге дейінгі арақашықтық 67 метрді құрады.

«Аталған жерде Алматы облысы ТЖД-ның жедел штабы жұмыс істеуде. География институтының ғылыми қызметкерлері көшкін орнында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оның нәтижелері алдағы уақытта жария етіледі. Жергілікті атқарушы органдар Көлсай көліндегі демалыс аумағына баратын жол мен электр желісін қалпына келтіру мәселесін шешіп жатыр», - деді ведомстводан.

Қазіргі кезде тау жыныстарының көшкіні елді мекендерге қауіп төндіріп тұрған жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар