Алматы облысында жұмыссыздар саны 50 мыңға жуықтады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында жұмыссыздар саны 50 мыңға жуықтады. Ал Республика бойынша бұл көрсеткіш 445 мыңға жеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде 28 сәуір күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен Талдықорғанда өткен жиында мәлім болды. Облыстық әкімдікте болған басқосуда  министр Тамара Дүйсенова «Қазақстанның үшінші жаңғыруы - жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде семинар-кеңес өткізді.  
Аталған бағдарламаны Алматы облысында жүзеге асыруға  9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жиында баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жаңа бағдарламаны жан-жақты түсіндіріп берді. Қарастырылып отырған жеңілдіктер жайында да сөз қозғады. Мәселен, бұрындары шаруалар несие алу үшін анықтамалық құжаттың 30-ын жинайтын. Биыл оның саны 14-ке дейін азайтылды.
Ал, заңды тұлғаларға 9 құжатқа дейін қысқарған. Осыған дейін берілетін несие 3 млн теңге көлемінде болса, енді 18 млн теңгеге дейін жеткізіліп отырғанын айтты. Сондай-ақ, биыл Алматы облысында 74 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Тұрғындарды  еңбекпен қамту мәселесі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында атқарылатын болады. Бағдарлама мақсаты оқыту негізінде қазақстандықтардың нақты кәсіптік дағдысын дамыту болып саналады.  

Соңғы жаңалықтар