Алматы облысында жерасты суы көтерілуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының Ұйғыр ауданында көктемде жерасты суы көтерілуі ықтимал. Бұл туралы депутаттық сауалға жауап берген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың жауабында айтылған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Шарын елді мекеніне жақын орналасқан «Шонжы-Тасқарасу» бақылау бекеті бойынша ҚР ИДМ жүргізіп жатқан мониторингтік зерттеу деректері су тасу кезеңінде жерасты суларының деңгейі көтерілетіндігін көрсетті. Қыста қардың қалың түсуіне байланысты биыл көктемде осы ауданда жерасты суларының деңгейі едәуір көтерілуі мүмкін», - делінген жауапта.

Шарын ауылында төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында 2017 жылы ұзындығы 4,3 км құрайтын дренаждық жүйенің құрылысына жергілікті бюджеттен 45,4 млн теңге бөлінген. Бұл ақпаратты Алматы облысы әкімдігі беріп отыр.

Ведомствоның хабарлауынша, орындалған жұмыс 2017 жылғы 30 қазанда қабылдау комиссиясының актісі бойынша қабылданған.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта облыс әкімдігі ұзындығы 7,5 шақырымды құрайтын дренаждық жүйенің құрылысына облыс бюджетінен қосымша 59 млн теңге сомасында қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. Ол мәселе 2018 жылға арналған облыс бюджетін нақтылау кезінде қаралатын болады.

«Сондай-ақ, қолданыстағы ұңғымаларды белгілеп, олардың шығындарын көрсете отырып, гидрогеологиялық картаны әзірлеу, сонымен бірге Алматы облысы Ұйғыр ауданында термальді суларды тиімді және кешенді пайдалану бойынша ұсынымдар әзірлеу мәселелерін 2018-2020 жылдарға арналған бағдарлама шеңберінде пысықтау болжанады», - делінген жауапта.

Премьер-Министрдің жауабына сәйкес, аталған бағдарлама ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми кеңесінің 2018 жылғы 12 қаңтардағы №1 шешімімен мақұлданған. Оны заңнамада белгіленген тәртіппен наурыз айының бірінші онкүндігінде ҚР Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қарауына шығару жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар