Алматы облысында түрмедегі сотталушылардан шағым түсу жиіледі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаментіне түрмедегілерден шағымның түсуі жиіледі. Өткен жылы 16 арыз түссе, биыл 17 сотталушы аталған департаментке шағымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен ЛА 155/16 түзеу мекемесінде істейтін қызметкер сотталушыға ұялы телефон қолдануға рұқсат беріп, бұл қамқорлығы үшін ақы талап еткен. Ал ақшаны бермегені үшін түрменің қызметкері сотталушыны жұдырықтың астына алғанға ұқсайды. Қазір аталған факті бойынша тексеру жүріп жатыр.

«Тексеріп, зерттеп қараған кезде ұялы телефонның IMEI кодын бәрін анықтадық, қоңырау осы мекеме ішінен түскен. Нақты айтқанда, сол телефонды пайдаланғаны үшін түрме қызметкері сотталушыдан ақша сұраған. Ұрған жағдайды дәлелдей алмадық, себебі бізге арыз екі айдан кейін ғана жетті», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Данияр Тұрғанбаев.

Енді Ұлттық бюроның Алматы облысы бойынша департаменті түрменің басшылығына сотталушылардың денесіне медициналық тексеру өткізуді апта сайын жүргізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ түзету мекемелерінде бейнебақылау камераларының да санын арттыру керек деп санайды.
null

«Бөлінген қаражат есебінен бейнебақылау камералары санын ақырындап көбейтіп жатырмыз. Жалпы Алматы облысында 5 түзеу мекемесі бар болса, оның үшеуі Заречный ауылында орналасқан. Әрқайсысында 600-ден 800-ге дейін сотталушы жазасын өтеуде», - дейді Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы Бақытжан Садыбеков.
null

Арыз-шағымдардың жиі түсуіне байланысты Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы және мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілдері қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысымен бірлесіп, түрмеде істейтін лауазымды тұлғаларды  жинап, жиын өткізді, ұсыныстарын жеткізді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуды мақсат еткен жиын барысында пара алып ұсталған қызметкерлер жайлы арнайы фильм де көрсетілді. Қорытындылай келе, Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы көтерілген барлық мәселелерді бақылауға алуға уәде берді.
nullnull

Соңғы жаңалықтар