Алматы облысында петроглифтерге келушілер аттарын жазып, көне жәдігерлерді ойып тастаған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының Қаратал ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Киелі мекенім - Қараталым» атты экспедиция ұйымдастырылды. Оның құрамына кірген бір топ археолог, географ, тарихшылар мен тілшілер қауымы тарихи мекенге барып, көне тастарды көріп қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Талдыбұлақ шатқалындағы жартастарда ерте қола және темір дәуіріне жататын петроглифтер бар. Мәселен биіктігі төрт метр болатын таста доңыз, жылқы, бұғы, құлжа және садақ тартып тұрған аңшының суреті бейнеленген. Сан ғасырдан бері сақталып келе жатқан көне суреттерден сол кездегі адамдардың тыныс-тіршілігінен, өмір салтынан мол мағлұмат алуға болады.
null  
null 

«Суреттерден көне темір дәуіріндегі адамдардың жазу, сурет салу, аңшылықты және сөйлеу мәдениетін білгенін аңғарамыз. Яғни бұл құнды мәлімет болып табылады», - дейді археолог Нұркенже Сүндетбеков.
null

Талдыбұлақпен қатар бұл маңда Дауылбай, Ақылбай, Сұлушоқы таулары бар. Ондағы тастардың бетіне екі мыңға жуық петроглиф салынған. Көне дәуірден сыр шертетін аймаққа екі мыңыншы жылдары Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев сияқты атақты археологтар келіп, зерттеп қайтқан екен. Ғалымдар мен экспедиция өкілдерінің пайымдауынша, Талдыбұлақ шатқалы ерте кезеңдерде ғибадатхана болыпты. Ауданда тарихи археологиялық ескерткіштермен қатар архитектуралық нысандар да бар. Соның бірі Қаратал өзенін егістік алқапқа бағыттап тұрған Басбөгет су тоспасы.
null

Өткен ғасырда мемлекеттік деңгейде маңыз беріліп, бой көтерген бөгеттің тоғанын тұрғындар кетпенмен қазыпты. Құрылысын да қолмен жасаған. Ауыр жұмыстың азабы жайлы фотосуреттер мұражай төрінде тұр. Көнекөздердің де есінде сақталыпты. Секундына 800 текше метр су жіберетін Басбөгет он жыл бойы салынып, 1940 жылы пайдалануға берілген. Нысаннан Күшік Кәлпе және Үштөбе атты тоған қазылып, шөлейтті аймақтар егістік алқабына айналған. Сөйтіп, су жеткен жерлерге күріш, қант қызылшасы мен пияз егіліп, мол өнім алынған. Тоспа ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына ықпал етіп қана қоймай, қуаңшылық жылдары да жұртшылықты тіршілік нәрімен қамтамасыз еткен. Биыл стратегиялық нысан күрделі жөндеуден өтпек.

null  

null

Жалпы Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласының атауы Бастөбе, Ортатөбе, Кішітөбе деген үш жотаның қосындысынан алынған. Жаугершілік заманда жұртшылық бұл жоталарды қарауылтөбе ретінде пайдаланыпты. Шапқыншылардан сақтанатын мекен бүгінде көпшіліктің жиі келетін орнына айналған. Бір өкініштісі, Талдыбұлақтағы тас бетіндегі петроглифтерге келушілер өз атын жазып, көне жәдігерлерді ойып тастаған.

null
null 

Енді болашақта тарихи орындар Киелі жерлер картасына енгізіліп, мемлекет қорғауына алынбақ.

Айта кету керек, Қаратал өңірі батырлар мен әулиелер мекені. Енді экспедициялық топ келесі саяхатында Ескелді, Балпық би сынды бабалардың мәңгілік тұрақ тапқан бейіт басына барып, зиярат етіп қайтпақ.
null 

Соңғы жаңалықтар