Алматы облысында «Өрлеу» бағдарламасы жүзеге асырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында жаңа «Өрлеу» жобасын жүзеге асыратын аймақ ретінде Еңбекшіқазақ ауданы таңдалып алынды. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 2015 жылы 40,9 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жоба аясында аз қамтылғандар қатарындағы 1277 мүшесі бар 365 отбасына әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған. Бұл отбасыларындағы еңбекке қабілетті азаматтар саны - 384 адам.

Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қаныбек Айтжановтың айтуынша, жобаны жүзеге асырудан бұрын Еңбекшіқазақ ауданының барлық 26 ауылдық округтерінде, сол сияқты облыстың аудан, қалаларында арнайы құрылған жедел топ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бүгінгі күні жобаға қатысуға Еңбекшіқазақ ауданының 29 тұрғыны тапсырыс берді. Оның 8-і тұрақты жұмысқа орналастырылса, 21-і төлемақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Сөйтіп, жобаны жүзеге асыру қазірден белсенді атқарылуда.

Жалпы, «Өрлеу» жобасы - отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне және «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасына қатысқан жағдайда отбасын белсенділендіру әлеуметтік келісімшартына отыру арқылы отбасыларға шартты қаржылай көмек ұсыну бағдарламасы. Бұдан бөлек, жоба жұмысқа орналастыруға, мамандықтарға оқытуға, қайта оқытуға, сол сияқты жастар практикасына қоғамдық жұмысқа және әлеуметтік жұмыс орындарына тартуға ықпал ете алады. Жобаның негізгі мақсаты - шартты қаржылай көмек алған алған аз қамтылған отбасы тек қана жәрдемақы алып қана қоймай, осы жағдайдан шығуға әлеуметтік тұрғыдан бейімделген, кәсіби бағдар алған болуы тиіс. Аталмыш жоба 1 шілдеден бері қанатқақты жобалар белгіленген өзге де облыстарда жүзеге асырыла бастады.

Айта кету керек, «5 институционалды реформаны жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 84-ші қадамда «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру» қарастырылған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі аз қамтылғандар санатындағы азаматтарды әлеуметтік қорғаудың пассивті моделінен белсенді моделіне ауыстыруды қарастыратын «Өрлеу» жобасын бастаған болатын.

Соңғы жаңалықтар