Алматы облысында оқушы қыз үйінен қашуды әдетке айналдырған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында үйінен қашуды әдетке айналдырған оқушы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Анықталғандай, ата-анасымен ренжіскен 15 жастағы қыз  үйден шығып кетіп, оралмаған. Оқиға Талғар ауданындағы Жалғамыс ауылында болды. Алғашқыда баласын ата-анасы ауыл аймақтан өздері іздеген. Нәтиже болмаған соң  полицейлерге хабарлаған. 19 қаңтарда жоғалған жасөспірім 3 күндік іздеуден соң ғана табылды.

 «Қыз бала  Алматының Бостандық ауданында жүрген жерінен табылды. Қазір кәмелеттік жасқа толмаған бала ата-анасымен бірге. Оқушы бұған дейін де бірнеше рет үйінен қашып кеткен. Полицейлер осы жайтқа байланысты тиісті шара қолдану үшін толықтай мән-жайды анықтауда», деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, облыста жаңа жылдан бері із-түзсіз кеткен 18 адам табылған. Оның 13-і 2017 жылы жоғалып, іздеу жарияланғандар.

«Көбіне ішімдікке салынған, психикалық ауытқуы бар адамдар жоғалады.  Сондай-ақ жақындарымен ренжісіп, үйден қашатындар да жиі кездеседі. Айта кеткен жөн, іздеу жұмыстарына БАҚ өкілдері мен қоғамның көмегі көп», - деді облыстық ІІД-і іздеу бөлімінің жедел уәкілі,  полиция капитаны Дәулет Аманғалиев.

Соңғы жаңалықтар