Алматы облысында кәсіпкерлерден 200-ден аса шағым түскен

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Былтыр Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасына 233 шағым түскен. Оның 80%-ы оң шешімін тауып, кәсіпкерлердің 900 млн теңге көлеміндегі мүліктік құқығы қорғалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мысалы «Сарыөзек мұнай өнімдері» компаниясына құжаттарда қате басылған жазу үшін 5 млн теңгеге  айыппұл салына жаздады. Біздің заңгерлер істің ақ-қарасын анықтап, мәселені оң шешіп берді. Нәтижесінде қаулы алынып тасталынды. Кәсіпкерлердің заңды құқығы мен мүддесін қорғау Палатаның негізгі қызметі», деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Н. Әбілшайықов өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасына 1312 жұмыссыз адам қатысып, оның 285-і өз ісін ашқанын мәлімдеді. Ал қаржыландырылған жоба құны  1 млрд теңгеден асады.

«Біз мемлекеттік бағдарлама аясында «Бизнес мектеп» компонентін жүзеге асырамыз. Оның аясында «Бизнес кеңесші», «Бизнес Өсу», «Тәлімгерлік қағидаларын қолданатын Жобалық оқыту» жобалары бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытамыз. «Бизнес кеңесші» екі күндік оқыту аясында 1 393 адам біліп алып, кәсіпкер ретінде 197 қатысушы тіркеліп, 260 жұмыс орнын ашқан. 120-сы жалпы сомасы 340,4 млн теңге болатын қаржыландыруға қол жеткізген», - деп атап өтті облыстық Палата басшысы.

Сонымен қатар, биыл Алматы облысының бірнеше ауданында толықформатты кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылады деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар