Алматы облысында кәсіпкердің мәселесі шешілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында бір жыл бойы түрлі кедергілерге тап болған кәсіпкердің мәселесі шешілді деп, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талғар қаласының тұрғыны  Мақсұт Ибраев жер телімінің мақсатты бағытын өзгерте алмай бір жыл бойы сандалған. Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері әр түрлі себептермен кәсіпкерге тиесілі жер телімінің мақсатты бағытын өзгертуден бас тартып келген. Тығырыққа тірелген кәсіпкер  Мақсұт Ибраев Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасына жүгінуді шешкен. Қыркүйек айының соңында жолыққан кәсіпкердің мәселесі көп ұзамай шешімін тапты.

«Бүгінгі таңда Жер комиссиясы оң қорытындысын шығарды және Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің қаулысы дайындалды», - дейді Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Думан Керімбаев.  Заң бөлімінің жұмысына риза болған кәсіпкер  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтің атына Алғысхат жолдаған.

«Сізге және Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне бізді қолдап, дер кезінде көмек көрсеткені үшін алғыс білдіремін. Думан Керімбаевқа жеке алғыс айтамын. Оның тәжірибесі мен келіссөздер жүргізудегі біліктілігінің арқасында менің мәселем сотқа жетпей шешілді», - делінген алғыс хатта.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың алғашқы 9 айында Палатаға жеке және заңды тұлғалардан 3867 өтініш келіп түсті. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың 876 сұрауы бар. Жүргізілген сараптаманың нәтижесінде, өтініштердің 455-і заң бөліміне бағытталған. Оның 270-і құқық қорғауға, 185-і іс жүргізу құжаттарын дайындау бойынша кеңес алу мен көмек көрсетуге байланысты.

Соңғы жаңалықтар