Алматы облысында әріптесін өлтірген күдікті ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының жол-патрульдік полиция қызметінің өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 18-ші қазан күні таңғы сағат 05-00-дер шамасында Алматы-Астана тасжолының бойында жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол жиегінде тұрған жүк көлігін байқаған. Аталған көлікті тексеру барысында алкогольдік ішімдікке мас және қобалжып тұрған 30 жастағы ер адам полицейлердің күдігін тудырған. Мән-жайды сұрастыру барысында ер адамның өзінің серіктесін ұрып өлтіргені белгілі болды. Тәртіп сақшылары сол арада ер адамды ұстап, қылмыс болған жерге қарай беттеген. Төңіректі тексеру барысында бірнеше шақырым жерден полиция қызметкерлері 40-жастағы ер адамның мәйітін тапты.

«Күдікті және қайтыс болған ер адам әртүрлі жүктерді тасымалдаумен айналысқан. Кезекті жүктерді тасымалдау барысында Қаншеңгел ауылына жақын жерде араларында жанжал туындап, соның салдарынан ұсталған азамат бірнеше пышақ жарақатын салған. Серіктесі қашуға талпынды, алайда ол оны қуып жетіп, қолына түскен затпен денесінің бірнеше жерінен ұрған», - деп хабарлады Алматы облысы ІІД Баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99 бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Ұсталған азамат Жамбыл АІІБ Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Соңғы жаңалықтар