Алматы облысында 8 оқушы сары ауруға шалдыққан

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Алматы облысында 8 оқушы «гепатит А» дертіне шалдыққан. Оның жетеуі 14 жасқа дейінгі балалар болса, біреуі жасөспірім, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Рая Ақашеваның сөзінше, қазір науқастардың жағдайы жақсы.

«Ем-домдарын алды. Барлығы қадағалауда. Жалпы оқу жылы басталғалы облыста 13 адам «гепатит А» ауруына шалдыққан. Текелі және Еңбекшіқазақ ауданындағы мектептерде екі жағдайдан тіркелді. Бірақ ол жердегі науқастардың бірі күзде ауырса, енді бірі жыл басында шалдыққан. Біз егер 35 күннің ішінде бір мектепте 3 жағдай тіркелсе, қатаң бақылауға аламыз. Бізде әзірге ондай жағдай тіркелген жоқ», - деді Р. Ақашева.

Жалпы мамандар өңірде жылдан-жылға гепатит дертіне шалдыққандар саны азайып келеді дейді. Мәселен Алматы облысында өткен жылы аталған дертпен ауырғандар саны 22%-ға төмендеген.

«Науқастар санының азаюына дәрігерлердің жүргізген алдын алу шараларымен қатар, вакцина егу жұмыстары ықпал етті. Екпе ақысыз жүргізіледі. 2011 жылдан бастап біз екі жастағы балаларға да екпе егеміз. Қазір сол уақытта вакцина алған балалар мектепке барып жүр. Бірақ олардың арасында науқастанғандар жоқ. Биыл гепатит А, сібір жарасы, тұмау және туляремия жұқпалы ауруына қарсы екпе сатып алынды. Бұл вакциналарға жылына жергілікті бюджеттен 400 млнға теңгеге жуық қаржы бөлінеді», - деді Р.Ақашева.

Ал қалалық инфекциялық аурухананың дәрігері Әйгерім Қалиева сары аурудың алғашқы белгілерін айтып берді. Маман егер адам әлсіздікті сезініп, ұйқы басып, денесінің сарғайғанын байқайтын болса, бірден ауруханаға баруға кеңес береді. 

Соңғы жаңалықтар