Алматы облысында 6 жастағы бала бауырын абайсызда атып алды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында 6 жастағы бала 2 жастағы бауырын атып алды. Оқиға Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға абайсызда болған. 6 жастағы ұл бала ойнап отырып аңшы мылтығымен бауырын атып жіберген.

Ал оқ 2 жастағы баланың қолына тиген. Абырой болғанда бала аман.  Балалардың отбасы Алматы қаласында тұрады. Олар ата-анасымен Мыңбаев ауылына қонаққа барған. Ал үйдің иесі мылтықты тауып алдым деп ақталыпты.

«Тексеру барысында полицейлер атыстың тіркелмеген қарудан жасалғаны анықтады. Үй иесі ол қаруды ауылдың шет жағынан тауып алғанын мәлімдеді. Қазіргі уақатта оның берген түсінігі тексерілуде. ҚР ҚК 114-бабы 3-тармағы  яғни, денсаулыққа абайсызда зиян келтіру бойынша тергеу жалғасуда. Қару қазір тәркіленіп, тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді ІІД баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, бұл оқиға жайлы олар Алматыдағы әріптестерінен білген. Қолынан  жарақат алған баланы ата-анасы Алматыдағы ауруханаға жеткізіп, оқиғанының мән-жайын толықтай мәлімдеп берген.

Айта кету керек, жалпы биыл  Алматы облысында 776 атыс қаруы тәркіленген. Оның 600-ге жуығын жергілікті тұрғындар ерікті түрде тапсырды.

Соңғы жаңалықтар