Алматы облысы туристерді сиыр сауып, шөп шабумен қызықтырып көрмек

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында ауылшаруашылық туризмін дамыту бойынша шеберлік сабақтары өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір агротуризмді дамытуға өте қолайлы өңір. Себебі халықтың 70 пайызы ауылды жерде тұрады. Жер жәннаты Жетісуда туризмді шұрайлы табиғатымен ғана емес, онда тұратын халқы және олардың күнделікті кәсібімен де дамытуға болады. Осыған орай, Талдықорғанда облыстық туризм басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және Орталық Азия университетінің ұйымдастыруымен екікүндік шеберлік сағаты өтіп жатыр. Семинар барысында тыңдаушыларға қонақүй бизнесін жүргізу және агротуризмнің модельдері бойынша дәрістер оқылып, мысалдар келтірілуде.

Жалпы агротуризм Еуропа елдерінде 1970 жылдары қолға алынған. Ал ТМД елдеріне 1990 жылдары келген. «Қазақстанның кез келген өңірінде агротуризмді қолға алуға болады. Себебі әр облыстың өз табиғи және ауылшаруашылық ерекшеліктері бар»,  - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті рекреациялық география кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, география ғылымдарының кандидаты Әлия Ақтымбекова.

Ғалымның айтуынша туристер соңғы кезде сиыр сау, шөп шабу, картоп қазу сынды белсенді еңбек демалысын таңдай бастаған. Оларға ауылшаруашылық өнімдерін бірге дайындау, өндіру процестері өте қызық. Ал Алматы облысында мұндай мүмкіндік молынан. Кез келген ауылда мал да, жер де бар. Мониторинг деректері бойынша, 2017 жылы туристерді орналастыратын 680 орын тіркелген. Ол жерде 1,5 млн адам тынығып қайтқан. Емдік-сауықтыру қызметтерінің көлемі  8 млрд 310 млн теңгеге жетті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 50% артық. Биыл туристер ағымын 1,6 млн адамға, емдік-сауықтыру қызметі көлемін 8,8 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар