Алматы облысы ІІД: Ұзынағашта қаза тапқан ағайындылардың ісі тыңғылықты тергеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысы ІІД басшысы Мұрат Үрімханов Жамбыл ауданында қаза тапқан үш ауыл азаматының туыстарымен кездесті, оларға атышулы кісі өлтіру қылмысына жан-жақты тергеу жүргізетінін айтты.

Өңір полициясының басшысы оларды өз кабинетінде қабылдап, көңіл айтты. Жәбірленуші тараптың іздеу барысында туындаған мәселелерін, аудандық полиция қызметкерлерінің әрекетіне, күдіктілерді ұстауға қатысты ойларын тыңдап, талқылады, деп хабарлады Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінен.

Қаза тапқан азаматтардың туыстарымен осы қылмыстық істі тергеумен тікелей айналысып жатқан ІІД Тергеу басқармасының басшысы мен қызметкерлері де кездесті.

«Қылмыстық іс ІІД аппаратында өндірісте. Тергеу жұмыстарына ең тәжірибелі қызметкерлер жұмылдырылды. Олар барлық мән-жайды ескеріп, толық, жан-жақты тергеу жүргізеді», - деп атап өтті полиция генерал-майоры Мұрат Үрімханов.

Жәбірленушінің туыстарына тергеу барысы ҚР Ішкі істер министрі, генерал-полковник Қалмұхамбет Қасымовтың ерекше бақылауында екенін хабарлады.

Еске салсақ, 18 қыркүйекте үш ер адам Ұзынағаш базарына мал сатуға шыққан, бірақ сол бойы үйлеріне оралмаған.

Содан олардың туыстары полицияға арызданады.

Алматы облысы ІІД деректеріне сәйкес, ер адамдар өлі күйінде табылды және олардың денелерінде күштеп өлтірілгендігін растайтын белгілер болды. Олардың мүрдесі Алматыдан 270 шақырым жерде құмға көмілген жерінен табылды. Үш ер адамды өлтірген күдіктілер ұсталды. Олар Жамбыл ауданының екі тұрғыны болып шықты. Оларға қатысты ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімі бойынша соталды тергеу жұмыстары басталды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР ІІМ министріне жантүршігерлік қылмысты жеке бақылауына алуын тапсырды.

Қаза тапқандардың туыстары қылмысты тек екі адам жасады дегенге сенбейді, тергеудің ресми нұсқасын теріске шығаруда.

Соңғы жаңалықтар