Алматы облыстық соты Қайрат Мәмиге бір жылдық жұмыстарын баяндады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облыстық сотында өңір активінің қатысуымен 2016 жылғы облыс соттарының сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы шығарылды. 

Іс-шараға Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы облысы сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Мейрамбек Таймерденов аймақ соттарының 2016 жылы сот төрелігін жүзеге асыруының және істерді қараудағы заңдылықты сақтауының негізгі қорытындыларымен таныстырды. Бұдан әрі Судьялар одағының Алматы облыстық филиалының Судьялар әдебі комиссиясының төрағасы Б.Зағиев сөз сөйлеп, өңір судьяларының әрекеттеріне қатысты өтініштер мен шағымдарды қараудың нәтижесін хабарлады. Бұдан кейін бірқатар сот төрағалары жұмыс қорытындысы бойынша баяндама жасады.

Кеңес қорытындысын шығара келе, Жоғарғы сот төрағасы Қ.Мәми Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Судьялардың VII съезінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын практикалық тұрғыдан іске асырудың негізгі нәтижелерін айтып өтті.

Жалпы алғанда, үш сатылы сот төрелігі жүйесі сәтті іске қосылды,  судьяларды іріктеу мен ілгерілету жүйесі айтарлықтай қатаңдатылды, Сот жюриінің жұмысы реформаланды, Жоғарғы сот жанынан инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа, Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес құрылды. Тергеу судьяларының, алқабилер сотының құзыреті неғұрлым кеңейтілді, азаматтық істер бойынша прокурорлардың сотқа қатысуы қысқартылды. Судьялардың жұмыстағы  және қызметтен тыс уақыттағы жүріп-тұруын нақты регламенттейтін жаңа Судьялық әдеп кодексі қолданысқа енгізілді. Жаңа ақпараттық технологиялардың, соның ішінде барлық сот залдарын аудиобейнетіркеу жүйелерімен толықтай жарақтандыру нәтижесінде соттардың қызметі неғұрлым ашық әрі айқын бола түсті.

Жаңа Азаматтық процестік кодекс пен қылмыстық заңнама жоғары тиімділігін көрсетуде. Мұны статистикалық көрсеткіштер айқын дәлелдеп отыр.

Республика бойынша  барлық азаматтық істердің 59,2% жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралды. Медиацияны қолдана отырып аяқталған істердің саны үш есе артты, дауды шешудің баламалы тәсілдері шамамен екі есе жиі қолданылды. Прокурорлардың қатысуымен қаралған істердің саны шамамен төрт есеге азайды.

Республика бойынша сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу тәртібімен қаралған қылмыстық істердің саны 14%-ға, келісімдік іс жүргізу тәртібімен аяқталған істер - 10%-ға, қысқартылған тәртіппен қаралған істер - 2 еседен көп мөлшерге артты. Ақтау үкімдерінің саны 19,2%-ға, алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық істер - 11,9%-ға көбейді.

«Судьялардың VII съезінде Мемлекет басшысы айқындаған сот қызметінің басымдықтары адамның құқықтарын, бизнес пен мемлекеттің заңды мүдделерін құқықтық қорғаудағы соттардың рөлін арттыруға бағытталған. Кез келген реформаның ең басты мақсаты заң үстемдігін, құқыққа қайшы әрекеттер үшін жазаның бұлтартпаушылығын  қамтамасыз ету, мемлекет пен оның азаматтарының неғұрлым жайлы өмір сүруіне негіз болатын құқықтық режимді қалыптастыру болып табылады. Дәл осы ұстанымдар бойынша біз өткен жылғы жұмыстың нәтижелерін бағалауға тиіспіз»,- деді Қ.Мәми.

Сөз соңында Жоғарғы сот төрағасы Алматы облыстық соттарына сот төрелігін жүзеге асыру бойынша бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

Кеңеске қатысушылардың сұрақтарына жауап бере келе, Жоғарғы сот төрағасы  11 қаңтарда билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша Елбасы құрған жұмыс тобының алғашқы қадамдарына айрықша тоқталып өтті.  «Жұмыс тобының мүшесі ретінде облыс активі мен судьяларға бүгінге дейін ұйымдастырушылық отырыстың өткендігін, Мемлекет басшысының нұсқауына сәйкес жекелеген мәселелерді шешу бойынша тұжырымдамалық көзқарастың қалыптасқандығын айтып өтейін», - деді Қ.Мәми.

Жалпы алғанда, елдегі жағдайға Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін күшейте отырып, қолданыстағы саяси-құқықтық жүйенің негізгі бағыттарын сақтап қалу туралы жалпы түсінік қалыптасып отыр. Жоспарланған шаралар құқықтық мемлекетті күшейтуге, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтуға бағытталатын болады.

Қ.Мәми Қазақстан үшін қуатты президенттік билік институтының маңыздылығына айрықша тоқтала келе: «Тәуелсіздік жылдары ел дамуының стратегиялық мәселелерін шешуде мемлекеттік биліктің бірлігін қамтамасыз ететін президенттік басқару нысаны өзін-өзі толығымен ақтады», - деді.

«Мемлекеттік органдардың алғашқы ұсыныстары осы аптаның соңына дейін Президент Әкімшілігіне ұсынылатын болады.  Жоғарғы сот күні кеше ғана алдағы реформа бойынша өз ұсыныстарын енгізді», - деді Қ.Мәми. Бұлар - сот құрылымы мен сот ісін жүргізу бойынша Үкіметпен, Парламентпен, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бойынша  мәселелер. Ұлт Жоспарын іске асыру аясындағы заңнаманы одан әрі жетілдірумен байланысты шаралар, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының озық тәжірибесі де ұсынылды.

Билік өкілеттіктерін қайта бөлу бойынша ұсыныстарды әзірлеу барысында отандық және шетелдік тәжірибе, Конституция мен заңдарды қолдану практикасы зерделенетін болады. Жұмыс тобының қызметіне заңгерлік, ғылыми-сараптамалық қауымдастық пен жалпы жұртшылық өкілдері тартылатын болады. Ұсынылатын шараларды кеңінен талқылау, өкілеттіктерді қайта бөлуді заңнамалық қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылатын болады.

Соңғы жаңалықтар