«Алматы Марафоны» күні бірқатар жолдар жабылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -  Алматыда жүгіру марафоны өтетін күні бірқатар жолдар жартылай жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастыру комитетінің айтуынша, марафон 23 сәуір күні сағат 07.00-ден 14.00 аралығында өтеді. Осы уақытта іс-шара өтетін жолдар бойында көліктер үшін  қозғалыс шектеледі. 

Жоспар бойынша, Әл-Фараби көшесінің солтүстік жағынан Шығыс айналма жолының батыс бөлігі, Абай даңғылының оңтүстік бөлігі мен Сейфуллин көшесінің Абай даңғылымен қиылысатын тұсынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі бөлігі автокөліктер үшін жабық болады.

IV «Алматы Марафонына» қазіргі уақытта 13 мың адам тіркелді.

«Жүгіруді ұнататындар үшін бірнеше қашықтық ұсынылып отыр. Толық марафон - 42 шақырым 195 метрді, жарты марафон - 21 шақырымды, спутник жүгіру - 10 шақырымды, скандинавиялық үлгідегі жүріс - 10 шақырымды, балалар үшін жүгіру қашықтығы 3 шақырымды құрайды. Жолдардың жабылуына байланысты осы күнгі қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз»,  - дейді «Алматы Марафонының» директоры Салтанат Қазыбаева.

Оның айтуынша, көлік қозғалысы шара аяқтала салысымен сағат 14.00-де қалпына келтіріледі.

Марафонға қатысушылардан жиналған ақша қаражаты ауыр науқасты 500 баланың ем-домына жұмсалмақ. 

Соңғы жаңалықтар