Алматы маңына қатынайтын пойыздар сапарға шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы маңындағы елді мекендерге қатынайтын пойыздар бүгін өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

null
Алматыдан Ұзынағашқа және Қапшағайға қатынайтын жаңа пойызда жол жүру құны 80 теңге.

«Алматы әкімдігі 340 млн теңге демеу қаржы (субсидия) бөліп отыр. Бұл жоба алдағы 5 жылға жоспарланған. «Тұран экспресс» компаниясы Алматы-Қапшағай, Алматы-Ұзынағаш бағыты бойынша қатынайтын вагондарды сатып алды. Ал әкімдік жолаушыларды тасымалдауға демеу қаржы бөледі. Мүмкін, осы бағдарларды ұзартатын шығармыз», -деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев.

Алматы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаевтың айтуынша, бұл жерде экономикалық табыстан гөрі экология мәселе бірінші орынға қойылып отыр.  
null 

«Қалаға кіретін транспорт жүктемесін азайту міндеті тұр. Себебі, қалаға жақын елді мекендерден 200 мың көлік кіреді. Мұның бәрі экологияға әсер етеді. Бұл,Алматы агломерациясын дамыту туралы Президент тапсырмасын орындауға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі», - деді әкімнің орынбасары. 

Қапшағай - Алматы-1 теміржолы 71 шақырымға созылып жатыр. Екі арада жолаушыларды 6 вагон тасымалдайтын болады. Жол арасы 1,5 сағат. Пойыз күніне екі рет қатынамақ.
null 

Ал 37 шақырымдық Ұзынағаш бағытында  9 вагон жүреді. Жету уақыты шамамен 1,5 сағат. Аталған пойыз да күніне екі рет Алматыға келіп кетеді.

«Демеу қаржы бөлудің арқасында жол ақысы 80 теңге болады. «Оңай» картасы арқылы төлем жүргізуге болады. Өте ыңғайлы вагондар, салқындатқыш, биодәретханасы - барлығы бар. Бұл вагондарға сараланған тариф енгізілмейді», - деді Алматы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.
null 

«Қапшағай бағытына қатынайтын пойыз Алматы -1-ден Медеу, Қайрат, Байсерке, Іле, Жетіген, Қапшағай станциясы, Қапшағай қаласына дейін барады. Алматы-2 вокзалынан Ұзынағашқа қарай қатынайтын пойыз Бұрындай, Ақсеңгір, Шамалған, Қазбек би станциясына дейін барады. Бүгін бірнші күні 50 адам осы пойыз қызметін пайдаланды. Қапшағайдан 60 адам отырып келді. Әр вагонда бір жолсеріктен бар. Жолсеріктер 70-80 мың, машинистер 140-160 мың теңге жалақы алады», - дейді «Тұран эксперсс» компаниясының директоры Роман Ботабеков.  

 

 

Соңғы жаңалықтар