«Алматы - Қостанай» пойызының машинисі ереже бұзбаған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұма күні бірнеше сағат кідіріп қалған «Алматы - Қостанай» пойызының машинисі ереже бұзбаған, деп мәлімдеме жасады «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Ақмола облысының Есіл стансасында жұма күні техникалық себептерге байланысты №43 «Алматы - Қостанай» жолаушы пойызы бірнеше сағат тұрып қалған. Пойыз құрамы «Түрксіб Астана» ЖШС-ына тиесілі.

«Локомотивке орнатылған қауіпсіздік және машинист жұмысын бақылау приборының тіркеу кассеталарының файлдарын тексеріп шықтық. Тексеріс машинист тежегішті басқаруды дұрыс жүзеге асырғанын көрсетті. Қайта тексеру кезінде вагондардағы тежегіш тетіктеріне мұз қатып қалғаны анықталды. Бұған жеке құрам жұмысшыларының өз міндетіне атүсті қарауы себеп болуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Нұсқаулыққа сәйкес, Есіл стансасында локомотив бригадаларының ауысым бекеті бар. Осында машинист локомотивті келесі бригадаға беруі, ал екінші бригада пойызды ары қарау жүргізіп кетуі тиіс болған.

Қостанай жол бөлімшесі бастығының орынбасары Азамат Шарсейітовтің сөзіне қарағанда, вагондарды жылыту үшін көмір жеткізіліп, санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасалған.

Осы жағдай бойынша Қостанай жол бөлімшесінің жұмысшылары қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар