Алматы қаласының үкіметтік емес ұйымдары латын әрпіне көшу үрдісін қолдайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ тілінің латын әрпіне көшу үрдісі заманауи технологиялық жетістіктер мен жаңа әлемдік талаптарға толық жауап беретін қадам болмақ. Бұл пікірді «Жастар үні» ЖҚБ төрағасы Д. Бабамұратов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Латын әрпіне көшу жаңа технологияларды меңгеру, ғылыми жетістіктерді тез игеру, әлемдік тіл саналатын ағылшын тілін үйрену, 30-40 жылдары жазылған классиктердің туындыларын түпнұсқада оқу, түркі елдерімен қарым-қатынасты нығайту сынды өзекті мәселелер оң шешімін табары анық», -  деді ол.

Сондай-ақ, латын қарпіне көшуге қатысты«Ел-шежіре» қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының президенті Дидахмет Әшімханда өзінің пікірін білдірді.

«Өткенді ұмытпау, жаңаны ұлықтау қазақстандықтардың тұрмыс-салтының ажырамас бөлігіне айналғанда ғана, өзгерістерден ұтарымыз көп. Ұлттық сананы жаңғыртауда жаңа технологиялардың ешқайсысын жатсынбауымыз керек. Ал латын алфавиті бізді әлемдік өркениетпен біртұтастандыра түседі. Жаһандық үдеріс интеграциядан шетқала алмайтынымызды көрсетті. Бұл үдеріс ешкімнің есігін қағып, алдын ала рұқсат сұрамайды. Сол себепті ұлттық санамызды сақтау үшін, жаңа заманға сақтықпен қамдануымыз керек. Қазақстандықтардың көбі ағылшын алфавитімен таныс болғандықтан, оларға латын алфавитін үйрену қиынға соға қоймайды. Өйткені олардың әріптері өте ұқсас», - деді  Дидахмет Әшімхан.

Ол латын алфавиті арқылы қазақтың ұмытылып кеткен төл дыбыстарын қайта туғызуға мүмкіндік бар екендігігін атап айтты. Жаңа алфавит арқылы тарихымызды, әдебиетімізді, ақпараттық кеңістігімізді сүзгіден өткізіп, қажетсіз дүниелерден құтыламыз, дейді ол.

Соңғы жаңалықтар