Алматы дәрігерлері лайықты жалақыға қашан қол жететінін кездесуге барған депутаттан сұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы 12-ші қалалық клиникалық емхана ұжымы Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсовамен кездесуде жалақы мен зейнетақы мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайлаушыларымен кездесуде депутат Г.Қарағұсова Бостандық ауданындағы ірі клиникалық емхана ұжымымен кездесті.

Дәрігерлер депутатқа көкейінде жүрген сауалдарды тікелей қоюға мүмкіндік алды. Дәрігерлердің дені лайықты жалақы мен зейнетақы аударымдары туралы сұрақтарын қойды.

«Біздің елде зейнетақы үш деңгейден тұрады. Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің базалық, міндетті (ынтымақтас және жинақтық) және ерікті деңгейлері бар. Зейнетақы - үнемі ретке келтіріп отыратын жүйе. Егер деңгей болмаса, зейнетақы көлемі төмендей береді. Қазір біз мемлекеттің азаматы ретінде кез келген адам алатын базалық зейнетақыны көбейтіп келеміз. Бірақ, ең бастысы - ол жинақ жүйесі. Дамыған елдерде кәрілікке жас кезінен жинақтау арқылы дайындалады», - деді депутат.

«Қазір олар жинақтау жүйесін жетілдіруді ойластырып жатыр. Мұның айтарлықтай жауапкершілігі бар. Мемлекеттік - базалық жүйе болса, адамның өзі жинақтаушы. Сондықтан біз, зейнетақы алымын міндетті қылдық. Сондықтан, бұл жерде ештеңе өзгермейтін болады. Жинақтау жүйесінде сіз қаншалықты жинайтыныңызға байланысты. Қанша жұмыс жасаған еңбек өтіліңіз бұл жерде маңызды емес. Сондықтан, еңбек өтіліне қарайтын абыройлы зейнетақы жүйесі біртіндеп кетіп барады», деді ол.

Елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жұзеге асырылғалы жатыр. Дәрігерлер депутаттан бұл реформаның жалақыға қалай әсер ететінін сұрады.

«Медициналық сақтандырудың ең бір оңтайлы жағы сапа деңгейін көтеріп қана қоймай, білікті дәрігерлердің де еңбегін лайықты бағалайды. Оның механизмдері әлі де жетілдіру сатысында. Алайда, өзге елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, айтатын болсақ, білікті дәрігерлер бұл жүйеде жақсы жалақыға қол жеткізетін болады. Бұл өз қолдарыңызда. Арнайы мамандар ғана емес, медбикелер де медсақтандырудың пайдасын көретін болады, тек санитарлық қызметкерлерде ғана өзге кесте болады», - деді депутат. 

Соңғы жаңалықтар