Алматы билігі ұзаққа созылған жол құрылысына қатысты түсінік берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тұрғындары қазылған көшелер мен ұзаққа созылған жол жөндеу жұмыстарына жаппай наразылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желі арқылы пікірлерін білдірген олардың дені жұмысты аяқтауға асықпаған жұмыскерлерді кінәлауда.

Азаматтардың наразылығы бойынша ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігінен жауап алған еді.

Мәлім етілгендей, биыл қалада жылдағыдан үш есе артық көлемде жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Мұндай ыңғайсыздықтардың туындап жатқаны да сол себепті.

Ал құрылысшылардың әрекетсіздігін әкімдіктегілер жалқаулық емес, демалыс күндерге ыңғайланған жұмыс кестесі деп түсіндірді. Қалада кептеліс болмау үшін құрылыс жұмыстары демалыс күндері жанданады екен.

Алматы әкімінің орынбасары  Ерлан Әукеновтың айтуынша, биыл қалада тартылған инженерлік желілердің көлемі тарихта болмаған көрсеткішке жетті.

«Жаңа жылыту маусымына дейін 32 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарда бар. Бұл былтырғыдан 2,7 есе көп. Желілерге жаңа құбырлар орнатылып жатыр. Заманауи құбырлар 40 жылға дейін тозбайды. Жол қозғалысын шектеуді азайту үшін жұмыстар көбіне демалыс күндеріне келтіріледі. Онда да көшелер 72 сағатқа ғана жабылады.

Биыл «Әйгерім», «Ұлжан 1, 2», «Қарасу», «Ақбұлак», «Дархан», «Құрылысшы», «Өжет», «Трудовик», «Шаңырак 1, 2», «Алтын Бесік», «Достық» шағын аудандарының тұрғындарын суға қосатын 380 шақырым су желісі тартылады. Жаздың аяғына дейін 97 мың шаршы метр тротуар, 146 шақырым жол салынады», - деді ол.

Биыл 317 шақырым су желісі мен 265 шақырым кәріз желісіне 25,5 млрд теңге бөлінген.

Соңғы жаңалықтар