«Алматы-Бейжің» және «Астана-Бейжің» әуе рейстерінің жиілігі артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Алматы-Бейжің» және «Астана-Бейжің» әуе рейстерінің жиілігі артады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қытайға жасаған жұмыс сапарымда ҚХР Көлік министрі Ли Сяопэнмен кездесіп, нәтижелі диалог құрдық. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы ынтымақтастық жан-жақты стратегиялық әріптестікке айналды. Биыл индустрия, көлік салалары бойынша бірлескен жаңа кәсіпорындарды іске қосу жоспарланып отыр және экономиканың түрлі салаларын қамтитын жаңа жобалардың құрылысы басталады. Біз транзиттік-көлік саласындағы Еуразиялық әлеуетті мейлінше жүзеге асыруға мүдделіміз. Сарапшылардың бағалауынша, 2020 жылға қарай аймақтағы сауда көлемі 1,2 трлн. долларға жетеді. Ал, Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы тауар айналым 800 млрд. долларды құрайтын болады, жүк тасымалының көлемі 170 млн. тоннаға дейін артады», -  деп атап өтеді Қасымбек.

Сонымен қатар ол Қазақстан үшін Қытайдан Орталық Азия елдеріне, Ресей, Еуропа, сонымен қатар, Иран мен Таяу Шығыс елдеріне контейнерлік тасымалды арттыру өзекті мәселе болып тұрғанын баса атап өткен.

«Қытай-Қазақстан-Еуропа бағыты бойынша контейнерлік жүк тасымалдау ұтымды жол. Қытай-Еуропа бағыты бойынша 2016 жылы қаңтар-қараша айлары аралығында 725 пойызбен 62 816 контейнер тасымалданды. Ал, Еуропа-Қытай бағыты бойынша 30 187 контейнер тасымалданған. Пойыздардың орташа жылдамдығы тәулігіне 950 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, біз көрші елмен авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отырмыз. Биыл «Алматы-Бейжің» әуе рейсі аптасына 5-тен 7-ге дейін, ал, Астанадан Бейжіңге аптасына 2-ден 4-ке дейін артатын болады. Астана-Үрімжі және Алматы-Үрімжі бағыттарына қосымша рейстер шығатын болады»,-  деді министр.

Соңғы жаңалықтар