Алматы әкімі жөндеуден өткен «Астана» алаңын көрді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -  Алматыда жаяу жүргіншілерге көбірек жағдай жасау үшін қайта жөндеуден өткен «Астана» алаңы пайдалануға берілді. Түнде жанып тұратын екі құрғақ фонтаны бар алаңның ашылу салтанатына мегаполис әкімі Бауыржан Байбек қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» алаңының жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды. Онда көлік қозғалысына арналған аумақ қысқартылып, жаяу жүргіншілерге, алаңда түрлі шаралар өткізуге жағдай жасалған.

Автокөлік жолағынан босаған кеңістіктерге веложол жасалып, гранит тастар төселді. Сатылар жаңарып, түнде жанып тұратын екі құрғақ фонтан орнатылды.

Классикалық стильде жасалған жарық көздері өте әдемі, алаңға  урналар, шағын дүкендер, авторлық кіші пішінді архитектуралық формалар қойылған.

Алаңның оңтүстік жағындағы тротуарға тас төселіп, жиегі абаттандырылды.

Қайта жасалған «Астана» алаңын ашу барысында қала тұрғындары мен қонақтары үшін театрландырылған көріністер, би перфоманстары, фотоаймақтар мен ретроинсталляциялар ұйымдастырылды.

Айта кетерлігі, жүргіншілерге басымдық беретін Кабанбай батыр, Панфилов, Жібек жолы және Гоголь көшелеріндегі жұмыстар одан әрі жалғасуда. Кіре берістер тегістелуде, олар бірыңғай стильмен жасалуда, ғимараттардың сыртқы келбеті жаңаруда. Жасыл желекті автоматты түрде суарудың жаңа жүйесі тартылған, арықтарға жаңа лотоктар төселген, бірқатар учаскелерге тас төсеу аяқталған, құрғақ фонтандар, жүргінші бағдаршамы, шырақтар, кіші пішінді  архитектуралық  формалар орнатылды.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қала күніне орай барлық обьектілерде архитектуралық формалар қою, жасыл желектер отырғызу, жарық қойып, құрғақ фонтандар орнату, демалыс аймағын, балалар алаңдарын, веложолдарды жасау жұмыстары толық аяқталмақ.

Ағаш отырғызу маусымы жасыл желектің терең тамыр жаюы үшін күз мезгілінде  атқарылады. Жалпы, 330 мың шаршы метрден астам аумаққа ағаш-талдар отырғызылып, жасыл-желектер егілмек. 

Соңғы жаңалықтар