Алматы әкімі жапон медицинасының орталығын ашу мәселесін талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауржан Байбек «Medical Excellence Japan» ұйымының вице-президенті Кеничи Комацумен кездесіп, қаламызда сапалы медициналық диагностикалық орталық ашу мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

«Біз Алматыда тек клиника ғана емес, обырды ерте анықтайтын диагностикалық орталық ашқымыз келеді, сонда ғана оны емдеудің тиімділігі артады, емделуші үшін де арзан болады. Ол орталық ең озық технологиялармен жабдықталады. Қаржы инвестициясымен қоса технология трансферті де болады, біз үшін жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру маңызды. Олар Жапонияда тәжірибеден өтеді», -деді «Medical Excellence Japan» вице-президенті.

Кездесуде Бауыржан Байбек күншығыс елі Қазақстанның басты серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Жапония жоғары технологиясымен белгілі, кез-келген сала бойынша шығарылған өнімі сапалы. Алматыда маңызды клиника ашу жалпы медициналық қызмет сапасын арттырудың басты кепілі, сонымен қатар оңтүстік астанада медициналық туризмді дамытуға да ықпал етер еді», - деді Бауыржан Байбек.

Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды және аталған жобаны жүзеге асырудың нақтылы жоспарын жасауға келісті.

Айта кетерлігі, Алматы мен Жапония арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Билғы жылдың бірінші жартыжылдығында тауар айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 84,9%-ға өсті, қалада 14 біріккен және 21 жапониялық кәсіпорын тіркелген.

Соңғы жаңалықтар