Алматы әкімдігі жол апатына әкеп соққан сынық люктерге қатысты түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі жол апатына әкеп соққан люктердің ахуалына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бостандық ауданы әкімдігінің хабарлауынша, Әл-Фараби даңғылында көліктердің үлкен жылдамдықпен жүруіне байланысты апат болған жердегі люк сынған.

Жол бойында, бекет  кешендеріне жаңбыр өткізетін люкттерді орналастыру мен олардың ахуалын қадағалауға «Алматы Тазалық»  МҚК мердігер ұйымы міндетті. Аталған ұйым былтыр осы қызметті атқаруға мемлекеттік сатып алуда тендерді ұтып алған.

«Соңғы уақытта жол бойындағы қарау блоктарындағы шойын қақпақтардың жоғалғаны себебінен жауын суын өткізуге арналған люктер де жоғалып кеткен. 2017 жылдың наурызынан маусымына дейін 64 люктің жоғалғаны белгілі болды.

Осы келеңсіз жайтқа байланысты «Алматы Тазалық»  МҚК биылғы жылдың 26 мамырында Бостандық ауданының ішкі істер басқармасына арыз түсірген еді», - деді баспасөз қызметінен.

Олардың айтуынша, белгілі учаскелерге жауапты мамандар екі күнде бір өздеріне бекітілген аумақтарға тексеру жүргізеді. Жаңбыр суларын қабылдайтын люктер жоқ жерге бірден белгі қойылып, басқасымен ауыстырылады. 

Айта кету керек, осыдан 2 күн бұрын Әл-Фараби даңғылында жол апаты болған еді. Хонда көлігін тізгіндеген екі қыз жол үстіндегі сынған люкке кіріп кетіп, көліктерінің дөңгелегі жарылған болатын. Салдарынан жоғары жылдамдықты трассада автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, соңғысы қыздарды қағып кеткен болатын. Салдарынан Екатерина Парафиева екі аяғынан айрылып қалды.

Қазіргі кезде Алматы қаласының Ішкі Істер Департаменті жол - көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тексеру шараларын жүргізуде, барлық сараптамалар жасалуда. Осы тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша оқиғаға кінәлілер анықталып, нақтылы процессуалды шешім қабылданады.

Соңғы жаңалықтар