Алматы әкімдігі жастарды қолдауға 7,2 млрд. теңге бөлді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Жастарды қолдаудың жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 7,2 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Байбек «Сәтті қадам» жобасы барысында өткен бос орындар жәрмеңкесінде айтты.

Шаһар басшысы жастар Алматы экономикасының драйвері екендігін атап өтті.

«Елбасының тапсырмасымен 2017 жыл Алматыда жастар жылы деп жарияланды. «Жастарды қолдаудың жол картасын» қабылдадық. Оның басты мақсаты жастардың жан-жақты дамуына ықпал ету. Оның ішінде жастарды жұмыспен қамту мәселесі өте өзекті болғандықтан, бұл салаға бөлінетін қаржыны 5 есеге арттырдық. Биыл 5 млрд теңге бөлінеді», - деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, Жол картасын жүзеге асыруға 7,2 млрд теңге бөлінеді.

Қаржы бұрынғы трамвай депосының орнында бой көтеретін Лофт-орталықтың құрылысына бағытталмақ.

Аталған орталықта 25 жастар ұйымы, кітапхана, коворкинг, жұмыспен қамту орталығы, мансап орталығы жұмыс жасайтын болады.

Сондай-ақ, жол картасы аясында «Тұрғынүй құрылысжинақ банкі» АҚ мен бірге жастарға жеңілдікпен үй алып беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Алматы әкімдігі биыл жастарға арналған жатақхана құрылысына 3,7 млрд теңге бөліп отыр. Биылдың өзінде 320 жас отбасыға баспана алып беру жоспарланған.

Қала басшысы мәлімдегендей, биыл жастар тәжірибесіне 500 млн теңге қосымша қарастырылған.

Биылдың өзінде жұмыссыз азаматтарға микронесие беруге 1 млрд теңге қарастырылған. Әр азамат 18 млн теңгеге дейін несие ала алады. Сондай-ақ, «Баршаға ортақ кәсіптік білім беру» жобасы аясында 8 мың жұмыссыз азамат тегін білім алады.

Айта кету керек, бос орындар жәрмеңкесінде 100 астам жұмыс беруші 5 мыңға жуық бос орын ұсынды.

Соңғы жаңалықтар