Алматы әкімдігі қала жолдарын жөндеуге 7 млрд. теңге бөлді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Алматыда жол жөндеуге 7 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы Алматы әкімі Бауыржан Байбектің қала жолдары мен инженерлік коммуникацияларды жөндеу бойынша өткізген көшпелі кеңесінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Бауыржан Байбек аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жұмыстың сапасы мен уақтылы орындалуын тапсырды.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, биыл 120 шақырымнан астам жол орташа жөнделіп, 85 мың шаршы метр тротуар мен 130 бекет алаңдары салынады. Жол-жөндеу жұмыстарына 7 млрд. теңге, оның ішінде кезекті жөндеуге 1 млрд. теңге, тротуарлар мен бекетті нүктелерді ретке келтіруге 500 млн. теңге, орташа жөндеуге 5,5 млрд. теңге бөлінген.

«Бірінші кезекте ұзындығы 37 шақырым болатын 34 көшеге, сонымен қатар, 12 магистральды көшелер мен 23 аудандық маңызы бар көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап өтерлік жайт, ұзындығы 31 шақырым болатын 19 көшеге де орташа жөндеу жүргізудің сметалық құжаттары жасалды. Қала көшелеріндегі ақауларды тауып, әрі жөндеу үшін 4 мердігерлік ұйым мен 12 бригада жұмыс істеп жатыр. Осы аптаның ішінде бұлардың саны 28-ге  артатын болады», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.

Ол Сайын көшесінен Жандосов көшесінің бойымен Таусамалы  поселкесіне дейін күрделі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын айтты. Жөнделетін аумақтың жалпы ұзындығы - 2,8 шақырым. Жоба құны - 1 134,0 миллион теңге. Жөндеу жұмыстары барысында жолдың көлік қозғалысы бөлігі 4 жолаққа дейін кеңейеді, Қарғалы өзенінің бойындағы көпір қайта жасалады, веложолдар мен тротуарлар салынады.

Атап өтерлік жайт, жолдарды жөндеу жұмыстарында заманауи техника пайдаланылады. Асфальт төсейтін жаңа машина 8 тонна асфальт дайындап, оның температурасын 180 градуста сақтай алады.  Бұл техниканың ерекшелігі ол қыс кезінде де жолдарды жөндей береді. Бұл техника  Қазақстанда біреу ғана. Болашақта  осындай бірнеше техника сатып алу жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар