Алкогольға акцизді көтеру бюджетке жылына 20 млрд. теңге кіріс әкеледі - Бишімбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алкогольға акцизді көтеру бюджетке жылына шамамен 20 млрд. теңге кіріс әкеледі. Бұл туралы бүгін жұртшылықпен салық саясатының негізгі бағыттарын талқылау барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Менің білуімше, осы жерде акцизді табак, алкоголь өнімдерін өндірушілер де отыр. Дайын өнімге акцизді көтеруді, бірақ, өндірісте қолданылатын этиль спиртіне арналған акцизды төмендетуді Алкоголь өнімдерін өндірушілер қауымдастығының өзі көтерген болатын.  Бұл біздің өндірушілерге ресейлік импортпен және басқа да елдердің импортымен баға тұрғысында барынша табысты бәсекелес болуға мүмкіндік береді. Сондықтан біз сәйкесінше саясат жүргізудеміз. Акциздер орташа есеппен 45 пайызға көтерілетіндігін атап өткім келеді. Бұл бюджетке шамамен 20 млрд. теңге қосымша кіріс әкеледі», - деді министр.

Сонымен қатар, ол акцизді көтеру 2017-2019 жылдарға жоспарланғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылы бір литріне 2 000 теңге, 2018 жылы 2 275 теңге, 2019 жылы 2 550 теңге өседі.

«Алкоголь өнімдерін экспорттау кезінде отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту және қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында алкоголь өнімдерін өндіру үшін сатылатын және қолданылатын этил спиртіне акциздің нөлдік мөлшерлемесін (қолданыстағы мөлшерлеме - 60 теңге/литр) белгілеу ұсынылады», - деді Бишімбаев.

Соңғы жаңалықтар