Әлия Назарбаева: «Томирис» - ең ірі тарихи киножобалардың бірі

None
None
    АСТАНА. ҚазАқпарат - Сақтардың әйгілі билеушісі Томирис патшайымның өмірі мен ерлігін суреттейтін фильмді түсіру жұмысы наурызда басталады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сарапшылар кеңесі алдында «Томирис» фильмі көрсетіліп, оның нұсқасы мақұлданды. 

Фильмнің өндірісін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Сатайфильм» кинокомпаниясының қатысуымен іске асырады. Түсіру тобы қорғалым барысында дайындық кезеңінде атқарған жұмыстары туралы айтып, өтпелі кезеңнің түсірілімдері, тігілген костюмдер, дайындалған реквизиттер және түсірілім алаңдары туралы баяндап берді. Наурыз айында фильмнің негізгі түсіру жұмыстары басталады.

Картинаның бас продюсері Әлия Назарбаева фильмнің түсіру тобы жобаны бастауға дайын екенін жеткізді.

«Бұл еліміздің кино тарихындағы ең ірі тарихи киножобалардың бірі. Барлығымыз да осы жобаға үлкен жауапкершілікпен бар күшімізді салып отырмыз. Фильм арқылы тарихымыз тереңнен тартатынын және ата-бабаларымыз қалыптастырған салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен Ұлы дала рухын көрсетіп, дүйім көрерменнің көңілінен шығатын туынды түсіреміз деп үміттенемін», - дейді Әлия Назарбаева.
null 

Картинаның режиссері Ақан Сатаев Томиристің патшайым болуы фильмге арқау болғанын, кинотуынды Тұмардың дүниеге келуімен басталып, парсының әйгілі патшасы Кирдің әскерімен болған, аңызға айналған шайқаспен аяқталатынын жеткізді.

«Біздің басты мақсатымыз - б.з.д.  V-VI ғасырларда Орта Азияны мекендеген, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен, соғыс саясаты және өнерімен әлем тарихында өз орнын алған, сақ, массагетер сынды тайпалар  қазақ халқының арғы ата-бабасы екенін дәлелдеу. Бұл фильм қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымының тамыры тым тереңде жатқанын дәлелдей түседі», - дейді ол.
null 

Сонымен қатар танымал кинорежиссер жиналғандарға түсірілген кейбір сахналарды көрсетті. Ол түсірілімдердің ерекшелігі және фильмдегі шайқас көріністерінің түсірілімдері қиын болатынын айтты.

«Фильмнің өтпелі кезең түсірілімдері былтыр желтоқсан айында  Алматы облысының Заречный ауылының маңында жүргізілді. Наурыз айының басында «Қазақфильмнің» павильондарында түсіру жұмыстарын жалғастырып, Томирис патшайымның дүниеге келгенін түсіреміз», - деді режиссер.
null 

Фильмнің түсіру жұмыстары Жаркент, Шонжа, Бурабай мен Баянауылда түсіріледі. Жалпы түсіру жұмыстары төрт айға созылмақ.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын аталған туындының режиссері Ақан Сатаев өзінің Инстаграмдағы парақшасында Қазақстанда түсіріліп жатқан «Томирис» тарихи фильмінде бас кейіпкерді сомдайтын актрисаның есімі анықталғанын жазған болатын.
null 
null 

Соңғы жаңалықтар