Алик Шпекбаев тәртіп бұзған қызметкерін жұмыстан шығарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Алик Шпекбаевтың блогына Батыс Қазақстан облысында қызметтік автокөлік жүргізушісінің жол ержесін өрескел бұзуына қатысты шағым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық бюро мәліметінше, агенттік басшысының атына түскен шағымға тіркелген видео материалда «001NB07» мемлекеттік нөмірлі қызметтік көліктің жолдың қарсы бетіне шығып жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны байқалады. Осыған байланысты шағымданушы Алик Шпекбаевтан жүргізушіге шара қолдануды өтінген.

«Агенттік төрағасы блогына келіп түскен шағымдарды жеке өзі қадағалап отырады. Бұл шағым қысқа ғана уақыттың ішінде қаралды. Ведомство басшысының тапсырмасымен материал талап ету арқылы алынып, қызметтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде аталған көліктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Батыс Қазақстан облыстық департаментіне тіркелгені анықталды»,- делінген таратылған ақпаратта. 

Жүргізушіге қатысты қызметтік тексеру барысында БҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері оның үстінен әкімшілік материал толтырған.

Сондай-ақ, Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік соты жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартып, көлік жүргізу құқығын 1 жылға шектеген.

«Қазіргі уақытта автомобиль жүргізушісі жұмыстан шығарылды»,-  деп хабарлады Ұлттық бюро.

Соңғы жаңалықтар