Алик Шпекбаев: Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою - басты мақсат

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңдар қайта қабылданып, кейбіріне өзгерістер енгізілді. Осыған орай Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы қабылданғаны белгілі. Мұндағы басты мақсат - жемқорлық деңгейін барынша төмендету. Бұл туралы Оралда сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне арналған кеңесте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтан барлық елдер де кенде емес. Жемқорлық әлеуметтік кесел ретінде ең алдымен мемлекеттің іргесін шайқалтып, адамгершілік құндылықтарға кесел келтіреді.  Адамдардың мемлекеттік басқару органдарына, заңға деген сеніміне селкеу түсіріп, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Қазақстан сыбайлас жемқорлық жөнінен 17 сатыға көтерілгенімен, 123-орында тұр. Бұл, әлемдік тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша, жемқорлық деңгейі әлі де жоғары деген сөз. Сондықтан аталған стратегияға сәйкес жемқорлыққа қарсы көп болып күресіп, жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз етудің маңызы зор. Заң бойынша пара алушымен қатар беруші де жауапқа тартылады. Азамат бопсалау деректері туралы хабарласа, әрине, сөз басқа. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке үш деңгейлі іріктеу жүргізу нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің ауысуы мен командалық ауыс-түйіс 27 есе қысқарды. Қылмысқа барғандарды ешкім қорғап қала алмайды. Елдегі ірі шенеуніктердің қылмыстық жауапкершілікке тартылуы - қорқытып-үркіту емес, сыбайлас жемқорлықты жоюдағы жүйелі жұмыстың жемісі. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сыбайлас жемқорлық жасағандардың барлығы өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылады, яғни өзін де, тума-туысқандарын да өмірлік өкініште қалдырады. Жемқорлық деңгейі Қазақстанда Маңғыстауда жоғары болса, ең төменгісі Солтүстік Қазақстанда. Батыс Қазақстан облысы орта деңгейде (8 пайыз). Биыл жыл басынан бері өңірде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 108 құқықбұзушылық жасалса, соның 38-і жергілікті атқарушы органдар үлесіне тиеді. Егер 2015 жылы сыбайлас жемқорлық көріністері білім беру, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ауыл шаруашылығы салаларында көбірек байқалса, биыл денсаулық, мәдениет пен спорт, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы алға шыққан. Осыған қарап-ақ ой түюге болады. Ең бастысы, әр мемлекеттік қызметші Әдеп кодексіне сәйкес әр қадамына есеп бере отырып, адал қызмет жасауы тиіс.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, Ұлт жоспарында көрсетіліп, заңдарда көрініс тапқан барлық тетіктердің қолданылуы үнемі назарда болатынын атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар