Әли Оқапов Универсиадаға арнап бейнебаян түсірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқұпарат - 24 қаңтарда «Гәккудің» Уoutube-тегі арнасына шығарылған «Жеңімпаз» әнін қазірдің өзінде 30 мыңға тарта адам көріп шыққан. Музыканы Универсиаданың елшісі және әнді орындаушы Әли Оқаповтың өзі, ал сөзін Мархаба Сәбиева жазды. Клип режиссері - Ернар Нұрғалиев. Бұл туралы Универсиаданың арнайы сайты хабарлайды.

 «Жеңімпаз» - конькимен жүгірушілер, хоккейшілер, трамплиннен секірушілер, мәнерлеп сырғанаушылар секілді 4 спорт түріндегі қазақстандық спортшылардың күнделікті өмірін көрсетуге арналған әлеуметтік-мотивациялық клип. Сондай-ақ, оған жас мәнерлеп сырғанаушы Гүлжан Жұмаділова да түсті. «Біз спортшылар жеңіске жету үшін қаншама күш салатынын көрсеткіміз келді, - дейді Әли Оқаповтың директоры Ерлан Әлімов. - Осындай әндерді тыңдау арқылы жастар, қарапайым қазақстандықтар өз биіктерін бағындыруға шабыт алады».

Ерлан Әлімовтың айтуынша, әнді жазу идеясын бастапқыда Әлидің өзі көтерген екен, кейінірек бұл идея басқа адамдардың тарапынан да қолдау тауыпты. «Біз басқа спортшылардан түсірілімге қатысып, көмек көрсетуді өтіндік. Алайда, өкінішке орай, олар жиындардан қолдары босамады, сондықтан көпшілігі қатыса алмады. Клип Универсиадаға дайындық қызған шақта 3-4 қаңтарда түсірілген еді. Дегенмен, біз оған қатыса алған Қазақстанның ұлттық құрама мүшелерімен қуана-қуана жұмыс жасадық. Болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған Қазақстанның екі дүркін чемпионы, біздің жас мәнерлеп сырғанаушымыз Гүлжан Жұмаділованы түсіру әсіресе қызықты өтті».

Клипте тамашалауға болатын костюмдердің барлығы арнайы клип үшін тігілді. Клип түсірілімі «Алматы Арена» және «Халық Арена» мұз сарайлары, «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ», Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Сұңқар» трамплиндер кешені және Атлеттер ауылы секілді Универсиаданың нысандарында өткізілді.

Таяу күндері клип «Гәкку», «Хит ТВ», MuzLife, Muzzone, НТК, «31 арна», «Қазақстан», «Алматы», «Астана», «Хабар» секілді барлық үлкен арналарда көрсетіле бастайды.

Соңғы жаңалықтар