«Алғабастағы» апатты үйдің тұрғындары 1 сәуірде жаңа пәтерлеріне қоныстанатын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Алғабас» ықшамауданында құлағалы тұрған 72 пәтерлі үйдің тұрғындары үшін жаңадан салынған көпқабатты үй 2017 жылдың 1 сәуірінде пайдалануға беріледі.

 Бұл туралы Алматы қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

««Алғабас» шағынауданында жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып қалды, 1 сәуір күні үй пайдалануға беріледі. Үйдің сапасын Сәулет құрылыс бақылау басқармасы мамандары, Қоғамдық кеңес және ескі үйдің тұрғындары тарапынан құрылған еркін топ қадағалады. Қосымша жобаға байланысты үйді салу уақыты созылды. Құрылысты мердігер компания «Астана-Құрылыс» ЖШС өз қаражатына салды. Үйдің жоспары алдындағы құлағалы тұрған үйдің жоспарымен бірдей, яғни, 72 пәтерлі үй. Инженерлік жұмыстары аяқталды, газ құбыры жүргізіліп жатыр», деді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар, ол журналистерге берген сұхбатында тұрғындардың арендалық төлемі бойынша жаңа үйде ешқандай да өзгеріс болмайтынын айтты.

«Жаңа үй салынып жатқан уақытта тұрғындардың арендалық жалға алу құнын мердігер компания өзі төлеп тұрды. Сондай-ақ, компания енді тұрғындардың көшу жұмыстарына да көмектеседі. Жаңа үй коммуналдық меншікке өтеді», деді М.Құрманғалиев. 

Сөзінде Алматы қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев құлағалы тұрған 136 үйге мердігер компания толығымен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Енді қалған ішкі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, комиссия үйді қабылдап, коммуналдық меншікке өткізеді.

Мұхамедғаріп Құрманғалиев «Алғабас» ықшамауданында құлағалы тұрған үй дауына байланысты техникалық қадағалаушы мамандар аттестаттарынан айырылғанын және жобалаушы ұйымдар заңға сәйкес жазаланғанын жеткізді. 

Еске сала кетейік, Алматы қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев 2016 жылдың желтоқсан айында 2017 жылы «Алғабас» ықшамааудандағы зардап шеккен №1/136 үйдің тұрғындары «қоныс тойын» тойлайтынын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар