Әлеуметтік желіде суицидті насихаттайтын 50 қоғамдастық жабылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде суицидті насихаттайтын 50 қоғамдастық жабылды. Бүгін елордадағы Қазмедиа орталығында өткен халықпен есептік кездесу барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл басында қазақстандық жастарды суицидтік бағыттағы түрлі топтар мен қоғамдастықтарға тартатындығы жайында ақпараттар масс-медиада қарқынды тарады. Министрлік Бас прокуратурамен және Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, мұндай топтар мен қоғамдастықтарды анықтау, оларға кіруге шектеу қою бойынша нақты шаралар қабылдады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері әлеуметтік желіде суицидті насихаттайтын 600 ақпараттық материалға, 50 қоғамдастыққа кіруге шектеу қойылды», - деді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, министрліктің ресми сайтында арнайы бөлім ашылған. Онда келген азамат өзі күдікті санаған материал немесе ресурс тапқандығы туралы мәлімет қалдыра алады. «Біз мұндай ақпаратты міндетті түрде тексеретін боламыз», - деді министр.

Сонымен қатар ол байланыс операторларымен бірлесіп, балаларға нұқсан келтіретін Интернеттегі мәліметтерді сұрыптау мәселесі қолға алынатындығын айтты. Яғни балаларға арналған арнайы топтар әзірленеді. Онда білім беретін және танымдық сайттардың тізімі болады.

«Бұл қызмет осы жылдың соңына дейін қолжетімді болады деп жоспарлануда», - деді ол.

Министрдің мәліметінше, 2016 жылдың қорытындысында терроризмді, діни экстремизмді, зорлық-зомбылық пен суицидті насихаттайтын 31 мың материалға кіруге тыйым салынған.

 

Соңғы жаңалықтар