Әлеуметтік медициналық сақтандырудан түскен 6,6 млрд теңге қайда салынады?

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкінің тұтынушылардың құқығын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Алексей Терентьев ҚазАқпарат тілшісіне әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен 6,6 млрд теңге қайда инвестицияланатынын айтып берді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры таратқан мәліметке сәйкес, шілде-тамыз аралығында қорда 6,6 млрд теңге жинақталған.

Оның ішінде жұмыс берушілердің салған салымы 5,2 млрд теңгеге жетті. Ол барлық соманың 78,5%-ын құрайды.

Ал жеке кәсіпкерлердің салымы - 1,4 млрд теңге болды. Бұл шамамен 21,5 %.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады.

А.Тереньтевтің айтуынша, 31 тамызда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Ұлттық банк сенімді басқару туралы келісімге келді.

Бұл келісімге сәйкес, қор уақытша бос қаржысын ҚР Ұлттық банкі арқылы белгілі бір құралдарға сала алады.

Мұндай іс-қимыл 2015 жылдың 16 қарашасында қабылданған ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңнамасына сәйкес жүзеге асады.

«ҚР Ұлттық банкі сенімді басқару келісімі аясында берілген қор қаржысын инвестициялайды. Қаржы құралдары ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 14 сәуірдегі №210 қаулысына сай іріктеліп алынады», - деді Александр Терентьев.

Атап айтқанда медициналық сақтандыру қорының қаржысы - мемлекеттік құнды қағаздарға (ҚР жергілікті атқару органдарының шығарған құнды қағаздарды, Ұлттық банктің корреспонденттік қорындағы қаржыны,ҚР Ұлттық банктегі депозиттерді қоспағанда), Standard & Poor's-тегі рейтингісі А- дәрежесінен төмен емес халықаралық қаржылық ұйымдардың облигацияларына, рейтингісі Standard & Poor's бойынша ВВ- дәрежесінен төмен емес агенттік облигацияларға, кері РЕПО мәмілесіне салынады.

Қазақстандықтар Әзірбайжан банкіне кетіп қалған БЖЗҚ қаржысына әлі де алаңдаулы.

ҚР Ұлттық банкінде мұндай нәрсе қайталанбайтынын айтып сендірді.

«Мемлекет қор активтерінің сақталатынына кепілдік береді. Түрлі нормалар мен лимиттерді орнату арқылы қор жұмысын бақылау қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Инвестициялық қызметті ҰБ арқылы жүзеге асыру, жеке қаржы мен қор активтерін есебін жеке жүргізу, жыл сайын тәуелсіз аудит жүргізу барлығы - халық ақшасының сақталуын қамтамасыз етеді», - деді Александр Терентьев.

Соңғы жаңалықтар