Әлемге әйгілі жиһанкез Яцек Палкевич: Марко Полоның ізімен Қазақстанды аралап өтемін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемге әйгілі поляк жиһанкезі Яцек Палкевич «Ұлы Жібек жолы» бренді, Қазақстанның туристік әлеуеті мен Еуропа, Азия елдері кіретін туристік одақ құрудың маңызы туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еске сала кетсек, 2018 жылы Қытайдан аттанып, Польшада мәресіне жететін «Жаңа Ұлы Жібек жолы» халықаралық экспедициясы Қазақстанның киелі орындарын басып өтпек. «Жаңа Ұлы Жібек жолы» халықаралық экспедициясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылмақ. Экспедицияның жетекшісі - әлемге әйгілі жиһангер - Яцек Палкевич.

Яцек Палкевичтің Гоби және Сахара шөлдерін басып өтіп, ондаған ауыр экспедицияларды артқа тастап, Намибиядағы Сүйек жағалауы және ұлы Амазонка өзенінің нақты бастауын анықтаған ғалым екенін айта кету керек. Осы экспедиция барысында ол 10 мың шақырымға жуық жерді Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Ресей, Беларусь пен Польша арқылы өтуді жоспарлап отыр.

ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Яцек Палкевич халықаралық экспедицияны ұйымдастырып отырған қазақстандық тарапқа зор алғысын білдірді.

««Ұлы Жібек жолы» көне заманда тек қана сауда бағдары болған жоқ. Ол Еуразия елдерінің мәдениетін байланыстырған бірегей бағдар еді. Өзінің қайталанбас тарихымен «Ұлы Жібек жолы» мені бұрыннан қызықтыратын. «Жаңа Ұлы Жібек жолы» халықаралық экспедициясының мақсаты не деген сұрақты көпшілік сұрап жатыр. Біз осы жолды жүріп өтіп, тарихты жаңғыртқымыз келеді. Мәдени көкжиектерді кеңейтіп, елдердің байланысына үлес қоссақ дейміз. Қазақстан секілді Польшада да киелі өңірлер жетерлік. Көп адамдар бұл Орталық Азия, онда Польшаның оған қандай қатысы бар деп сұрайды. Бірақ, тарихи байланыстарды ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлы Жібек жолындағы саудагерлер Киев арқылы Польшаға жол тартқан. Демек, тарихи байланыс ертеден қалыптасқан. Мен үлгі тұтатын тұлға - Ұлы Жібек жолымен жүріп өткен Марко Поло. Сол тарихи тұлғаның ізімен Қазақстан жерін аралап өтемін», - дейді ол.

Жиһанкездің айтуынша, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның көтерген бастамасы бойынша, Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің туристік одағын құрудың маңызы зор.

«Ұлы Жібек жолы - көне тарихтан бері келе жатқан ең әйгілі сауда маркасы. Тіпті, «Ұлы Жібек жолының» бірегейлігі «Дисней» немесе «Кока-кола» секілді брендтерден де қызықты әрі әлеуетті болуы да мүмкін. Мұны тек әлем халқына көрсете білу керек. Сондықтан, халықаралық «Ұлы Жібек жолы» бренді арқылы халықаралық платформа құрудың маңызы зор деп айтар едім», - дейді ол.

Яцек Палкевич, сонымен бірге, Қазақстанға бірнеше рет келе отырып, мұндағы халықтың бабалардың мұрасы мен дәстүріне адалдығын ерекше байқағанын айтады.

«Әлем елдерін аралап жүріп, көптеген елдерде өткенге деген осынау құрметті көре бермеймін. Еуропа бүгінгі таңда Қазақстан секілді алып мемлекет бар екенін, оның Астанасы көркем қалалардың бірі екенін танып білді. 10 жыл бұрын бұл мемлекет туралы Еуропа елдері біле бермейтін. Орталық Азияда Қазақстанның көшбасшы екенін де, мемлекеттік биік дәрежеге көтерген Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы біледі», - дейді Яцек Палкевич.

Соңғы жаңалықтар