Әлемдік опера жұлдыздары Ермек Серкебаевты еске алу кешіне қатысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» орталық концерт залында әлемдің опера жұлдыздарының «Ермек Серкебаевқа арналады» атты гала-концерті өтті, деп хабарлайды expo2017culture.kz.

Концерттің ашылу салтанатында Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен A'Studio тобының музыканты, продюсері, Ермек Серкебаевтың ұлы - Байғали Серкебаев сөз алды.

«Тура 50 жыл бұрын, 1967 жылғы дүниежүзілік көрме аясында канадалық Монреалда біздің атақты Ер ағамыз - Ермек Серкебаев Қазақстан өнерін әлемге танытқан болатын. Енді міне араға 50 жыл салып, 2017 жылы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында біз Ермек Серкебаевты еске алу кешін өткізіп отырмыз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Өз кезегінде Байғали Серкебаев бұл концертке «өнерімен Мариинка, Метрополитен, Ла Скала көрермендерін тәнті еткен жоғары дәрежелі әлем жұлдыздары, жетекші әртістер» қатысып отырғандығын атап өтті.

Концертке Ермек Серкебаевпен жеке таныс болған әйгілі кино, өнер, опера қайраткерлері қатысты. Бейнемониторда Лев Лещенко, Армен Джигарханян, Бибігүл Төлегенова, Иосиф Кобзон, Тамара Синявскаялар халық әртісі Ермек Серкебаевтың  сирек кездесетін таланты жайлы сөз етті.

«Қазақстан» орталық концерт залы сахнасында «Астана Опера» театрының жетекші солисі Салтанат Ахметова, Ильдар Әбдіразақов, Мариинск театрының солисі Сергей Скороходов, Үлкен театр солисі Агунда Кулаева, Үлкен театрдың жетекші солистері Богдан Волков пен Игорь Головатенко және тағы басқалары өнер көрсетті.

 Концерттің ақтық сәтінде Сүндет Байғожин, Азамат Жылтыркөзов, Ильдар Әбдіразақов және Игорь Головатенконың  орындауындағы «Севильский цирюльник» операсынан  Каватино Фигаро шырқалды.  Бұл кезінде Ермек Серкебаев жарқырата орындаған Каватина Фигаро еді. 

Соңғы жаңалықтар