Әлемдік өнер жұлдыздары Шығысқа тағы келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік өнер жұлдыздары ағымдағы жылдың жаз айында тағы да келеді деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз де білетіндей, Даниал Кенжетайұлы (Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ахметов) Шығыс Қазақстан облысының қасиетті жерлерімен танысулары үшін бірнеше әлемдік жұлдызды шақырған болатын. Жаз айында әлемдік өнердің мұнан да танымал көптеген тұлғасы келеді деп күтілуде», - деді ол.

Министрдің айтуынша, солтүстік, батыс өңірлердің және Астана қаласының мәдени-туристік кластерін дамыту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен «Бозоқ», «Бодай» және «Сарайшық» республикалық музей-қорығын  құру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Музей-қорықтарды құру болашақ ұрпақ үшін бірегей мәдени ескерткіштерді сақтап қалуға, туристер тарту бойынша бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік беріп, ғылыми-зерттеу, консервациялық, археологиялық, ағартушылық және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді», - деді министр.

Оның дерегінше, 2017 жылы республикалық маңызы бар 25 мәдени және тарихи ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Аталған нысандардың басым бөлігі Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті жерлерінің тізіміне кірген.

«Би-Би-Си» телеарнасының қатысуымен «Күлтегін. Жаңа көзқарас» деректі тарихи фильмі америкалық Castle Film кинокомпаниясымен «Көшпелілер жері» фильмі дайындалды. Барлық дерлік фильмдер БҰҰ-ның 6 тілінде субтитрмен және дубляжымен шығады және аудиториясы 700 млн адамнан асатын Discovery, Viasat History, National Geographic телеарналарында көрсетіледі», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Соңғы жаңалықтар