Әлемді мойындата алмаған талантты футболшылар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жасыл алаңда өзіндік өнерімен көзге түсіп, көптеген сарапшылардың жоғары бағасына ие болған футболшылар көп болған. Бірақ дарын бар да, оның бағының жануы бар. Футбол тарихында болашағынан үлкен үміт күттірген таланттар көп болған. Алайда, олардың бәрі жарқырап шыққанмен, түрлі себептермен әлемді мойындата алған жоқ. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті жазды (дайындаған - Аян Әбдуәли).

Өмірде қателік жіберген футболшылардың қатарында Рикарду Куарежма бар. Ол Португалияның талантты футболшыларының бірі болатын. «Спортинг» клубының академиясынан шыққан. 17 жасында-ақ түрлі финтеррімен тәжірибелі қорғаушылардың арасынан оңай сытылып өтетін. Бір кездері ақпарат құралдары оның тіпті, отандасы Криштиану Роналдудан таланттырақ екенін жазған болатын. Жаттығу кезінде Роналду жаңа үйренген финтін көрсетсе, Куарежма оны еш қиналмастан бірден қайталап беретін. Бірақ мұндай дарынымен қоса оның өзімшілдігі, өркөкіректігі, сондай-ақ шыдамсыздығы да жоқ емес еді. Жартылай қорғаушы болса да, қорғанысқа көмектескенді ұнатпайтын. Осындай теріс мінезінің салдарынан ұлттық құраманың бапкерлері оны шақырудан бас тартатын. 

Оның мінезі жайлы португалиялық маман Жозе Моуринью: «Рикарду өте талантты ойыншы. Бірақ оның әлі үйренері көп. Оған тәртіпке бағынып, эмоциясын бағындыра білуі керек. Әйтпесе, ол өз деңгейіне жетпек тұрмақ, алаңға мүлдем шықпай қалуы мүмкін. Ол көңіл-күйдің адамы. Кеше басқа адам, бүгін мүлдем бөлек, ертеңгі мінезін білу тіптен қиын» деген еді ол 2008 жылы. Айтқаны айна-қатесіз келді. 

Куарежманың футболдағы жолы былайша өрілді: «Спортингте» жүріп, алпауыт командалардың назарына ілігеді. 2003 жылдың жазында оны «Барселона» 6 миллион еуроға сатып алды. Алайда, мұнда ол негізгі құраммен небәрі он рет, қосалқы құраммен он бір рет қана алаңға шықты. Осы уақытта бір голмен ғана көзге түсті. Маусымның аяқталуына бір апта қалғанда жарақат алып, 2004 жылғы Еуропа чемпионатына қатыса алмады. Сәтсіз маусымы үшін сол кездегі бас бапкер Франк Райкаардты жазғырып, «Маған алаңда еркіндік беруге уәде берген. Райкаард тұрғанда «Барселонада» ойнамаймын» деп жар салған еді. Бірақ кейінірек өкініп: «Барселонада» маған шыдамдылық жетіспеді. Қосалқы құраммен бірге отыра алмадым. Ақымақтық жасағанымды мойындаймын» деді. Оның бұл сөзін УЕФА-ның ресми сайты жариялады. 

Сол жылдың жазғы трансфері кезінде «Порту» белсенділік танытып, өз қатарына қосып алды. Оның ең үздік жылдары осы командада өтті. Мұнда ол Португалияның үздік ойыншысы атағына қол жеткізіп, екі дүркін ел чемпионы атанды. Өз елінде мықтылығын мойындатқаннан кейін Еуропаның алпауыт ұжымдарында өнер көрсетуді мақсат етті.

2008 жылы Италияның «Интер» командасы оны 24,6 миллион еуроға сатып алды (салыстырмалы түрде алар болсақ, әйгілі бразилиялық Роналдиньо үшін «Барселона» «Пари Сен Жерменге» 24 миллион еуро төлеген болатын). Бірақ мінезінің кесірінен тіпті, отандасы Жозе Моуриньоның командасына да сіңіп кете алмады. Нәтижесінде, сол жылы 8 желтоқсанында Италияда ең нашар ойыншыға берілетін «Алтын жәшік» сыйлығына лайық деп танылса, отандасы Криштиану Роналду үздік ойыншыға берілетін «Алтын доп» сыйлығының иегері атанды.

2009 жылдың 2 ақпанында Лондонның «Челсиіне» жалға берілді. Мұнда да оның жағдайы келісе қоймады. Сенім артқан бапкері Луис Фелиппе Сколари қызметінен кетіп, орнына Гус Хиддинк келді. Голландиялық маманның қол астында бар-жоғы бес-ақ рет алаңға шықты. Одан кейін Моуриньоға оралып, сенімін ақтауға тырыспақ болған. Бірақ «Интердің» негізгі құрамынан орын ала алмады.



Италиядан кейін «Бешикташқа», Египеттің «Аль-Ахли» командасына барды. Барлық жерде де сенімді ақтай алмады. Сәтсіздіктері үшін клуб басшылығын, бапкерлерін жазғырумен болды. «Матчтардан кейін қайталауларды көріп, өзімді танымай қалатын кездерім болатын. Жөнді ойнай алмағанымды мойындаймын. Дегенмен, бір жайтты әлі түсіне алмай келемін. «Интерге» Жозе Моуриньоның арқасында келдім. Бірақ маған көбірек мүмкіндік бермеді» деді Рикарду. Ал Түркияда жүргенде кезекті ойындардың бірінде бапкердің алмастыруына наразылығын білдіріп: «Сен менің арқамда ғана осында жүрсің. Мені алмастыра аламайсың. Мен болмасам сен ешкім емессің» деді. Бұл оқиға 2012 жылдың наурыз айында болған еді.

Осындай теріс мінезінің кесірінен карьерасы өрге жүрмеді.

                                                                    Робиньо (толық аты - Робсон де Соуза)


Бразилияның талантты жастарының бірі болатын. Жасөспірім кезінен-ақ жұрт оны Рональдо, Пеле сынды әйгілі футболшылардың ізбасары деп санайтын. «Сантостағы» үш жылында 80 голдың авторы атанды. Оның да мінезі шатақ екені ерте кезден белгілі болды. Еуропаның бірқатар командаларынан келген ұсынысты «Сантос» басшылығы қабылдамаған еді. Сол кезде Робиньо шу шығарып, бразилиялық клубтың намысын қорғаудан бас тартты.


Осыдан кейін «Сантос» оны 2005 жылы Испанияның «Реалына» 25 миллион еуроға сатуына тура келді. Әрине, Рикарду Куарежмаға қарағанда бұл жігіттің Еуропадағы алғашқы жылы ойдағыдай өтті. Мадридтіктердің сапында негізгі құрамнан орын алды. Бірақ өз еліндегідей жарқырап көзге түсе алмады. Клуб басшылығы оған мүмкіндікті де көп берді. Бірақ Мадридте өткізген үш жылында да үміттерін ақтай алмады. Осы уақыт аралығында 101 ойынға қатысып, 25 гол ғана соқты. 2008 жылы «Манчестер Сити» оны 40 миллион еуроға сатып алды.



Робиньо жайлы сол кездегі «Реалдың» президенті Рамон Кальдерон былайша айтқан еді: «Англиядан ұсыныс түскеннен кейін ара-қатынасымыз қиындай түсті. Робиньоның «Реал» сапында ойнағысы келмегені белгілі болды. Біз үшін ақша маңызды емес еді. Шыны керек, оның мінезі қиын. Көңілінде не бар екені де белгісіз. Кәсіби футболшы болғаннан кейін ол бірінші футболды ойлауы керек. «Манчестер Ситиден» түскен ұсынысты ойланбастан қабыл алды. Ал бізге мұндай адаммен бірге жұмыс істеу оңай емес. Талантына күмән келтірмеймін. Кешегі күнге дейін Бернд Шустер (сол кездегі «Реалдың» бас бапкері) оны ыңғайлы тұста пайдалануға тырысып бақты. Бірақ Робиньо өз таңдауын жасап қойды».

Ол Англиядағы алғашқы жылында команданың үздік ойыншыларының бірі болды. Бірақ екінші маусымынан бастап жолы байлана берді. Жарақаттары да көбейді. Жалпы айтқанда бұрынғы деңгейіне көтеріле алмады. Тәртіп сақтамауына байланысты клуб басшылығы оны бірнеше рет жазалады. Жөнді ойнай алмағандықтан, 2010 жылы «қалалықтар» оны «Миланға» сатып жіберді. Италияда алғашқы маусымында өзін жақсы қырынан көрсеткенмен, жыл өткен сайын деңгейі төмендей берді. 2015 жылы өз еліне, бұрынғы «Сантосына» оралды. Бразилияда да айтарлықтай өзгеріс байқалмады. Мұнан кейін Қытайдың «Гуанчжоу Эвергранд» командасына, артынша «Атлетико Минейроға» барды. Міне, осылайша, Пеленің, Рональдоның ізбасары атанады деген сенім бірте-бірте сөне берді. Оған негізгі себептердің бірі Робиньоның мінезі еді. 

                                                                     
                                                            Мартен Эдегор - Ален Халилович



Мартен Эдегор ­- норвегиялық ойыншы. 2015 жылы «Стремсгодсет» клубынан Мадридтің «Реалына» ауысты. Испаниялықтар 16 жастағы ойыншы үшін төрт миллион еуро төледі. Жас та болса «Реал» президенті Флорентина Перес оған жылдық жалақысы  2,25 миллион еуроны құрайтын келісімшарт ұсынды.

Сол жылдың 23 мамырында «Хетафеге» қарсы матчта Криштиану Роналдудың орнына алаңға шығып, мадридтіктердің тарихындағы ең жас дебютант атанды (16 жас, 156 күн).  Бұл оның «Реалдағы» әзірге жалғыз ойыны болып қалды. Осы жылдың қаңтарында Нидерландтың «Херенвен» клубына жалға берілді.


Ален Халилович - хорватиялық жартылай қорғаушы. «Динамо» Загреб командасының академиясынан шыққан. 14 жасында-ақ Еуропаның бірқатар мамандары оны назарда ұстады. 16 жасында «Динамо» сапында алаңға шығып, клуб тарихындағы ең жас дебютант атанды. Дәл осы жасында Хорватия құрамасымен алғашқы ойынын өткізді. Осыдан кейін оған қызығушылық танытқан командалардың қатары көбейді. Ойын мәнері жағынан аргентиналық Лионель Мессиге ұқсағандықтан жұрт оны «хорватиялық Месси» деп атайтын.

2014 жылы «Барселона» 17 жастағы ойыншыны 2,2 миллион еуроға сатып алды. Мұнда ол клубтың жастарымен бірге «Барселона Б» командасында ойнады. 2015 жылы «Барселона» басшылығы көбірек тәжірибе жинау үшін оны Испанияның «Спортинг» командасына жалға беруді жөн көрді. Хихондық ұжымда маңызды ойыншылардың бірі атанды. Келер жылы «Барселона» оны Германияның «Гамбург» командасына 5,5 миллион еуроға сатып жіберді. Бірақ келісімшарт бойынша «көк-анарлар» оны екі жыл аралығында қайтып сатып алу құқығына ие болды. Өкінішке қарай, Халилович бундеслиганың ойынына бейімделе алмады. Мұнда ол небәрі алты ойынға ғана қатысты. Бұрынғы деңгейіне көтерілу үшін немістер оны Испанияның «Лас Пальмас» ұжымына жалға берді. Қос жігіттің футболдағы жолы әлі алда. Бірақ ең үлкен қателіктерінің бірі - өз елдеріне тым ерте кетіп, Еуропаның алпауыт командаларына ауысқандығы. 

                                                                Боян Кркич



Кркич «Барселонаның» академиясына 9 жасында келді. Қатарластарына қарағанда тактикалық жағынан да, физикалық жағынан да жылдам дамыды. Осындай қабілетінің арқасында өзінен бір-екі жас үлкен балалармен бірге дайындалып жүрді. Жеті маусымда 800-ден астам гол соқты.

Каталондық клубтың бірінші командасымен бірге 2007 жылы 17 жасында алаңға шығып, команда тарихындағы ең жас дебютант атанды. Оған дейін бұл рекорд Лионель Мессиге тиесілі болатын. Франк Райкаард тұсында ол «Барселона» сапындағы алғашқы маусымында 31 ойынға қатысып, 10 голдың авторы атанды. Бірақ келер жылы командаға Хосеп Гвардиола келгеннен кейін Боянның жағдайы қиындай берді. Екі маусымда барлығы 46 рет алаңға шығып, 10 гол ғана соқты. Командаға Златан Ибрагимович, Давид Вилья сынды тәжірибелі шабуылшылар кезек-кезегімен келгеннен кейін Гвардиола да оған аса сенім артпады. Оның үстіне «Барселона» секілді алпауыт командадан жанкүйерлердің үлкен жеңістер ғана күтетіні белгілі. Ал үлкен жеңістерге септігі аз тиген дарынды ойыншылар қатал сынға ұшырайды. Боян Кркич негізгі құрамға іліне алмағаннан кейін бірқатар мамандар сынға алған болатын. Нәтижесінде, 2011 жылы команда ауыстыруды жөн көреді.

Сол жылы «Ромаға», одан кейін «Милан», «Аякс», «Сток Сити» командаларында ойнады. Бірақ «Барселонадағы» алғашқы жылындай ашыла алмады. Қазір келісімшарты «Сток Ситиге» тиесілі болғанмен Германияның «Майнц» ұжымына жалға берілді. Осылайша бала күнінде 800-ден астам гол соққан Кркич үлкен футболға келгеннен кейін 80-ге жуық қана доптың авторы атанды. Қазір жасы 26-ға келді. Әрине, әлі де болсын уақыты бар. Бірақ жанкүйерлер Бояннан бұдан да үлкен биіктікті күткен еді. Мамандардың болжамы бойынша бүгінге дейін үздік сұрмергенге берілетін «Алтын бутса» сыйлығын ең кемінде бір рет алуы тиіс болатын. Бірақ бабы келгенмен, бағы жанбады.  Қорыта айтар болсақ, футболға жаңадан қадам басқан жастардың алдында ұзақ жол тұр. Бұл жолда олардың таланты да, адамдық қасиеттері де сынға түспек. Жоғарыда аты аталған футболшылардың кемшілігі көпшілік үшін сабақ болуға тиіс. 

Соңғы жаңалықтар