Әлемдегі екінші ірі коворкинг Алматыда ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ТМД-дағы ең ірі Коворкинг орталық ашылады. Бұл орталық көлемі бойынша әлемдегі екінші нысан болып табылады.

Жалпы ауданы 13 000 шаршы метр болатын орталықта бір мезетте 1000 адам отыратын болады.

Офистік кеңістікте 64 кабинет, 4 конференц-зал, көрме аймағы жасақталады. Сонымен қатар, 6 тамақтану орны, 200 көлікке арналған жерасты және жерүсті тұрағы салынып жатыр.

Бұл жобаға екі қазақстандық компания 2 млн доллардан 4 млн доллар көлемінде инвестиция салған.

«Әл-Фараби көшесіндегі банктерге қарсы территорияға не салу керектігін ойландық. Сауда үйін салу қажеттігі болмады. Ойлана келе коворкинг орталыққа тоқтадық. Себебі, бұл бизнес саласындағы жасампаз адамдарға қажет. Қазір құрылыс аяқталып қалды. Биыл қазанда орталықты ашамыз», - деді Estate Management Company компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Асқар Білісбеков.

Айта кету керек, әлемдегі ең ірі коворкинг орталық Лондонда орналасқан. Оның көлемі 15 000 шаршы метр.

Бүгін Медеу ауданы бойынша инвестициялық форум барысында арнайы жобалардан басқа ауданның инвестициялық мүмкіндіктері де талқыланды.

Аудан әкімі Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Медеу ауданында құрылыс саласында 53 млрд теңге инвестиция тартылды.

«Алматы бойынша салық түсімдерінің 30 пайызы, яғни 528 млрд теңге Медеу ауданының үлесінде. Қаладағы барлық қаржылық операциялардың 70 пайызы Медеу ауданында жүзеге асады. 8 айда тауар айналымы 208 млрд теңгеге жетті. Бизнестің жол картасы-2020 бойынша құны 4,5 млрд теңге болатын 9 жоба жүзеге асып жатыр», - деді Е.Жылқыбаев.

Жиын барысында инвесторлар мен бизнесмендерге ауданның жылжымайтын мүлік саласы бойынша инвестициялық әлеуеті айтылды.

Алматы қаласының билігі қаладағы инвестицияық климатты оңтайландыру жолында жыл сайын инвестициялық форум өткізіп тұрады.

Отандық инвесторларды қолдауда Қазақстанда бірқатар бағдарлама қабылданған. Олардың бірі «Бизнестің жол картасы-2020». Бұл бағдарлама бойынша инвестициялық жобаларға мемлекет несиелерге демеуқаржы, кепілдендіру береді.

Сондай-ақ, Алматының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасына сәйкес қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, сондай-ақ қаладағы қаражатты  көп қажет ететін және ұзақ мерзімді жобаларға стратегиялық серіктестерді тарту бойынша бірқатар іс-шаралар  іске асырылуда.

Атап айтқанда әкімдік муниципалдық секторға ұзақ мерзімді инвестицияларды тарту үшін тұрақты негізде халықаралық қаржы институттарымен (Еуропа даму және қайта құру банкі, Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк және т.б.) ынтымақтастық жасасады, инвестициялық жобалар, халықаралық дипломатиялық және бизнес делегацияларымен кездесулер тізбесі жасалды.

Соңғы жаңалықтар