Әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуде Қазақ елінің рөлі жоғары - Түркия Елшісі Невзат Уянык

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялаған алғашқы күндері бауырлас халықтың қуанышына ортақтасып, шын пейілмен бірнеше ғасырға созылған бодандықтың бұйдасын бұзып шыққанына риясыз ниетін білдірген елдердің бірі - Түркия Республикасы болатын. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, шынайы өмірде бұл қазақ халқы үшін ғасырларға татитын кезең екендігі айтпаса да түсінікті. 

Сонау 1992 жылдың наурыз айында бауырлас елдердің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнап, нық бекігені де есімізде. Бүгінде екі елдің арасындағы барлық саладағы қарым-қатынас күн сайын артуда. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне арнайы сұхбат берген Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уянык та осыны айтады.

- Елші мырза, қауырт уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет. Алғашқы сұрағым, қазақ-түрік арасындағы дипломатиялық  қарым-қатынастың орнағанына да 25 жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықтағы екі елдің саясаттан бастап, экономика, сауда-саттық, мәдениет салаларындағы байланыстарына қандай баға берер едіңіз?

- Ең алдымен, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат  агенттігіне сұхбат беру мүмкіншілігін ұсынғаны үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Түркия мен Қазақстан тарихи-мәдени түп тамыры бір бауырлас халықтар саналады. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның тәуелсіздігін ең бірінші  болып мойындағанын Түркия жұрты мақтан етеді. Өзіңіз де атап өткендей, ағымдағы жылы  елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап екі  елдің арасындағы барлық саладағы байланыстар қарқынды дамып, тереңдей түсті.

Екі елдің Мемлекет басшыларының ерік-жігерінің арқасында байланыстарымыз стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін көтерілді. Атап айтар болсақ, 2009 жылы екі елдің Президенттері Стратегиялық ынтымақтастық туралы құжатты рәсімдеді және осы шартқа сәйкес  жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі кеңес құрылды. Осы уақытқа дейін бұл кеңестің екі отырысы өткен болатын, соңғы отырыс 2015 жылдың сәуір айында ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта үшінші отырысқа дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі күні Қазақстан Орталық Азиядағы біздің ең басты стратегиялық серіктесіміздің бірі. Бұған қоса, екі мемлекеттің арасындағы саяси байланыстар өте жоғары деңгейде екендігін атап өткім келеді. Оның дәлелі Қазақстан мен Түркия көшбасшыларының жиі кездесуі. Жалпы, біздің тек саяси ғана емес, сонымен бірге экономикалық, мәдени-гуманитарлық, білім-ғылым салаларындағы байланыстарымыз жоғары дамуға қол жеткізді. Өңірлік және халықаралық деңгейдегі саяси байланыстарымыз, қарым-қатынасымыз да өте жоғары. Бүгінде тәуелсіз Қазақ мемлекетінің негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл түрік халқының алдында зор беделге ие. Біз ол кісіні «Түркі халқының ақсақалы» деп білеміз.

Осы ретте біздердің, жалпы түркі әлемінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатындағы көпжақты бастамаларымыз да баршылық. Түркітілдес елдердің кеңесі жұмыс істейді.  Оның хатшылығы Ыстанбұлда қоныстанған. Ал Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының бас кеңесі Бакуде орналасқан. Мұнан бөлек, ТҮРКСОЙ бар. Ал Астанада Халықаралық Түркі академиясы жұмыс істеп тұр.

- Қазақ-түрік елдері арасындағы экономикалық ахуал жайында не айтар едіңіз?

-Түркия мен Қазақстанның сауда-экономикалық байланыстарына тоқталар болсам, бұл салада да оң нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Айта кетерлігі, екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Аталған кеңестің  кезекті отырысы 8-9 тамыз күндері елордада өтеді деп межеленген. Оған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Комиссия отырысының Қазақстанның мақтанышы Астана қаласында, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтетіндігі де қуантарлық жайт.

Комиссия отырысы аясында екі елдің атқарушы органдарының және  бизнес өкілдерінің қатысуымен іскерлік отырыс та ұйымдастырылады. 10 тамыз күні ЭКСПО-дағы Түркияның ұлттық күні өтеді. Оның аясында еліміздің болашақ энергиясы саласындағы барлық жұмыстары көрсетіліп, мәдени іс-шаралар да өтеді. Осынау шараларға қазақстандық БАҚ, оның ішінде «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі де ақпараттық қолдау көрсетеді деп үміт артамыз. Жалпы, қазіргі заманғы Қазақстанның қалай дамып келе жатқандығын, түрлі саладағы жетістіктерін, қандай саяси, экономикалық, мәдени өзгерістер орын алып отырғандығын мақтан тұтамыз.

- Қазақстан бүгінде тек Орталық Азияда ғана емес, әлемдік деңгейдегі бітімгер ел ретінде танымалдыққа ие болды десек артық айтқандық емес. Осы ретте бауырлас түркі халықтарының атынан Қазақ елінің халықаралық деңгейдегі бастамаларына берер бағаңыз қандай болмақ?

- Егемендіктің алғашқы күндерінен-ақ Қазақстан өңірлік, халықаралық кез келген жанжалды бейбіт жолмен, диалог арқылы шешу қажет деген саясатты ұстанып келе жатыр. Қазақстан дипломатиясына 25 жыл мерейтойлық дата қарсаңында елдеріңіз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Демек, бұл көрсеткіш те әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етудегі Қазақ елінің рөлі жоғары екендігін көрсетеді. Бұған қоса, Қазақстанның Сирия жанжалын реттеу үшін өз алаңын ұсынып отырғандығын қолдаймыз. Таяуда ғана БҰҰ-ның қолдауына ие болып отырған Астана келіссөздерінің 5-ші кезеңі табысты өтті деп айта аламын.  Бұл кездесулер Сирия бойынша БҰҰ-ның Женевада өткізетін процесінің  толықтырушы элементі болып табылады.

6 шілде күні аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлының туған күні мен Астана қаласының күні өтті. Осы сәтті пайдалана отырып, құрметті Президент мырзаны туған күнімен және барша қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтағым келеді. Жалпы, барлығымыз да бүгінгі күні сәулеті мен келбеті келіскен Астана қаласы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы екендігін білеміз. Сарыарқа төрінде бой көтерген заманауи сұлу шаһар  бүгінде тәуелсіз Қазақстанның дамуының, жаңғыруының нышанына айналып отыр.

Қазақстан  Президенті, жалпы қазақ халқы түрік еліне тек қуанышты күндерде ғана емес, басына қиын-қыстау күн туған кездерде де қолдау көрсетіп келеді. Мұндай өзара көмек алдағы уақытта да жалғасын табатындығына сенімім мол. Естеріңізде болса, 2016 жылдың 15 шілдесінде  Фетуллах Гулленнің террористік ұйымы (FETÖ) Түркияда мемлекеттік  төңкеріс жасауға ұмтылған болатын.  Сол бір зұлмат сәттер басталған сәттен-ақ Қазақстан алғашқы мемлекеттердің бірі болып  бізге қолдау көрсетті. Түрік халқы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмытылыс орын алғаннан кейін ең бірінші болып келіп, қолдау көрсеткінін еш уақытта ұмытпайды. Нұрсұлтан Әбішұлы дәл осы қадам арқылы түркі халқының зор құрметіне ие болды. 

- Жоғарыда екі елдің арасындағы үкіметаралық кеңестің таяу аралықта өтетіндігін айтып қалдыңыз. Оның нәтижесі қандай болмақ?

- Үкіметаралық комиссия отырысының қорытындысында екіжақты бірқатар құжатқа қол қою көзделген. Мұнан бөлек, аталған отырыс аясында екі елдің арасындағы ынтымақтастықты жақсарта түсу, инвестициялық байланыстарды жандандыру, екі елдің экономикасына өзара инвестиция тарту мәселелері қарастырылады деп күтілуде.  Бұл мәселелердің барлығын отырыс аясында қол қою үшін біз қазіргі уақытта талқылаудамыз.

Екі елдің арасындағы тауар айналымына қатысты деректермен бөлісер болсам, таяудағы әлемдік қаржы дағдарысы әлемнің көптеген елдері сияқты біздің елдеріміздің экономикалық байланыстарына өз салқынын тигізді. Дегенмен, 2016 жылдың  қорытындысы арқылы екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарда ілгерілеушілік болғандығын байқауға болады. Мәселен, өткен жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы  2,5 млрд. долларды құрады. Алдағы мақсат бұл көрсеткіштерді арттыра түсу болып отыр.

Жалпы энергетика саласын алмайтын болсақ, онда Түркия Қазақстан экономикасына ең мол инвестиция құйған елдердің қатарынан көрінеді. Түркияның Қазақ еліне салған тікелей инвестициясының көлемі 2 млрд. доллардан асып жығылады.  Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап түрік компаниялары Қазақстанда жұмыс істеуде.  25 жылдың ішінде  олар құны 21 млрд. долларды құрайтын  475 жобаны аяқтады.

Алдағы уақытта екі елдің арасында ауыр және жеңіл өнеркәсіп, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын, туризм мен қызмет көрсету салаларын дамыту қажет деп есептейміз. Жалпы екі ел бір-біріне өзара инвестиция құйып қана  қоймай, қазақ-түрік бірлескен кәсіпорындарын құру арқылы үшінші елдердің нарықтарына шығуға да  мүмкіншіліктері зор.

Осы тұрғыдан алғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел экономикасын одан ары дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасын толықтай қолдаймыз. Осы бағытта,  Батыс пен Шығыс арасындағы сауда-саттықты дамытуға бағытталған Қытайдың  «Жібек жолы» бағдарламасына да назар аударып отырмыз. Бұл жоба Батыс пен Шығыстың тоғыз жол торабына орналасқан Қазақ елі үшін берері мол. Осы ретте біз Орталық көлік дәлізі деп атайтын  Каспий теңізі арқылы өтетін жол жоғарыда айтқан Батыс пен Шығыстың арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жандандыра түсері сөзсіз. Ал дәл осы дәліз бойында географиялық тұрғыда өте қолайлы орналасқан қазақ-түрік елдерінің  мүмкіншілігі өте зор деп ойлаймын. Яғни, дәл осы бағытта да екі елдің арасында бірлескен жобаларды жүзеге асырұға болар еді.

- Елші мырза, қазақ-түрік арасындағы туризм саласын дамыту қажет деп айтып жатырсыз. Алайда осыдан екі-үш күн бұрын Анталияға барған қазақстандық туристер «Элит Класс» туристік фирмасының банкрот болуына байланысты қонақүйге орналаса алмай, босағада күтуіне тура келді. Осы ретте Түркияға туристік сапармен баратын қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Жалпы туризм саласында түркиялық та, қазақстандық та және басқа да елдердің туристік операторлары өте көп. Бұл саладағы жұмыстардың ауқымы өте кең. Әрине, ешкім де күні кеше орын алған жағдайға тап болғысы келмейтіні анық. Біз өз тарабымыздан мұның қалай орын алғандығын анықтауға тырысудамыз. Қазіргі уақытта бұл мәселеге қатысты нақты ақпарат жоқ. Дегенмен, біздің білуімізше, Қазақстанның Анкарадағы Елшілігі мен Анталиядағы консулдығы тығыз жұмыс  істеп, отандастарына көмек қолын созды. Ал елімізге сапарлағысы келетін Қазақстан азаматтарына айтарым,  Түркия - саяхатшылар үшін барынша қауіпсіз мемлекет. Жыл сайын Түркияға әлемнің түпкір-түпкірінен 30 миллионға  жуық саяхатшы келеді. Жыл сайын демалыс үшін Түркияны таңдайтын қазақстандықтардың қатары артып келе жатқандығы қуантады.

Әрине, сапарлауға шығар алдында сенімді, беделді, ұзақ уақыт бойы туристік салада жұмыс істейтін операторды таңдау керек.  Сіз айтып отырған мәселені Түркияның өкілетті органдары тыңғылықты зерделеп,  одан кейін алдағы уақытта мұндай жайт қайта қайталанбас үшін түбегейлі шара қабылдайтын болады.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз!

Соңғы жаңалықтар