Әлем саятшыларының Бурабайдағы турнирі: Жеңімпаз анықталды

None
None
  КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабайда əлем саятшыларының қатысуымен өткен «Қансонар» халықаралық турнирінің жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Тәуелсіздік мерекесі жəне атақты құсбегі Мәсіп Батырханұлының құрметіне ұйымдастырылған халықаралық турнирге Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Венгрия және Ресейден келген саятшылар қатысты. Жарыс барысында 41 бүркіт, 4 қаршыға жəне 4 сұңқар құсының ептілігі мен алғырлығы сынға түсті.




Турнирдің ашылуына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырəлімова, Қазақстан Республикасындағы Монғолия мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Лувсан Баттулга, Венгрия Республикасының Төтенше жəне Өкілетті Елшісінің орынбасары Шандо Дороги жəне еліміздің ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Бас жүлдеге Ақмола облысы əкімдігі атынан темір тұлпар тігілді. Оған қоса, ҚР ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық қауымдастық тарапынан 2 миллион теңге қаржы бөлінді.



Нәтижесінде, бас жүлде - автокөлікті Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданынан келген саятшы Қанат Шүленбаев жеңіп алды. Халықаралық доданың өзге де жүлдегерлері сый-сияпаттарға ие болды.

Турнир жеңімпаздары үш кезең бойынша анықталды. Жас балалар сұңқар мен қаршығаны қолға қондыруда шеберліктерін көрсетсе, үлкендер бүркітпен аң аулап, өзара бақ сынасты. Бабы келіскен қыранның қоян мен түлкі түгілі қасқыр да алатыны анық. Осы ретте, қиядан құлдилап барып жемтігін ұстаған жəне иесінің қолына келіп қонған бүркіттердің сайысы көпшілік көрерменнің көңілінен шықты. Сондай-ақ, сұңқар мен қаршыға сайысы да тартысты өтті.

Жалпы, Бурабай баурайына жиналған жұртшылық халқымыздың саятшылық өнері мен рухани құндылықтарымызды ұлықтатқан шарадан зор əсер алып қайтты.





Соңғы жаңалықтар