Әлем саятшылары Бурабайда бақ сынауда: Бас жүлде темір тұлпар

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабайда тұңғыш рет саятшылардың «Қансонар» халықаралық турнирі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

null


Халықаралық турнирге Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Венгрия, Ресей жəне Қазақстаннан келген саятшылармен олардың 41 бүркіті, 4 қаршығасы жəне 4 сұңқары қатыстырылуда.

Атақты құсбегі Мәсіп Батырханұлының құрметіне Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл жолғы турнирге Қазақстан Республикасы және Азия елдерінен бүркіт, ителгі, қаршыға баптаумен айналысатын  мықты құсбегілер келген. Турнир барысында жарыс ережесі бойынша аңшы құстардың қолға қондыру, шырға тарту арқылы алғырлықтары сыналатын болады. Ақтық сынға шыққандар қоян, түлкі және қасқырға алуға салынады.   

null 

«Шараның мақсаты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болшаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған халқымыздың салт-дәстүрін жаңғыртып, насихаттауға бағытталған», - деді турнирдің ашылуында сөз сөйлеген Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Бүркітбаев.

null 

Еске сала кетейік, Мәсіп Батырханұлы сонау 30-шы жылдары құс салып, аң аулап, ауылдастарын аштықтан аман алып қалыпты. Ал Ұлы Отан соғысы жылдары өзінің адал көмекшісінің көмегімен ауланған аңдардың бағалы терілерін Ресейге өткізіп, содан түскен қаржыны майданға қажетті оқ-дәрі сатып алуға жұмсаған екен. Ақмола облысында жыл сайын Мәсіп Батырханұлының құрметіне саятшылардың «Қансонар» республикалық турнирі ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл турнир халықаралық деңгейге ие болып əрі  Бурабайда өткізіліп отыр. Жарыс екі күнге жалғасады.  Турнирдің бас жүлдесі ретінде автокөлік тігіліп отыр.

null null null 

Соңғы жаңалықтар